Елорда күнін мерекелеу аясында қазіргі заманғы музыка фестивалі ашылды

3 Шілде, 2015 19:42
Астана күні мерекесіне орай қазіргі заманғы музыка фестивалі ашылды. Аталған шара қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылып жатыр.

Қазіргі заманғы музыка фестивалі үш күн бойы «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда өтіп, үздік диджейлер, рок топтар мен хип-хоп орындаушылар өнер көрсетеді.

«Қазіргі заманғы музыкасы фестивалі бүгін рок-фестивальмен ашылады. Концерт 20 жылдан бері көрермен көңілінен шығып жүрген Александр Васильев жетекшілік еткен танымал «Сплин» тобының табынушылары үшін керемет тарту болады. Алғашқы кештің тағы бір маңызды қонағы ресейлік ағайынды Кристовскийлердің «Uma2rmaН» тобы. Сондай-ақ, фестиваль бағдарламасында «Евровидение» байқауының қамқорлығымен өтетін вокалдық интернет-конкурста үшінші орын алған алматылық «The Madisson» тобы да бар. Бұдан басқа, астаналық «Зеркало» тобы мен алматылық «Мотороллер» топтары да өнер көрсетеді», - деді Астана қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Нарима Мухамбеталина баспасөз конферениясында.

Айта кетерлік жайт, музыкалық марафонды көше мәдениетінің өкілдері – хип-хоп және рэп орындаушылар жалғастырады. «Астана Арена» алдындағы алаңда қазақстандық және ресейлік әртістердің үздік шығармалары орындалады. Хип-хоп музыка кешіне Нэр, «Da Gudda Jazz», Big Som, Jah Khalib, «Пицца» тобы, «Krec» тобы және Карандаш қатысады.

Үш күндік музыкалық шоу DJ фестивальмен аяқталады. Астанада әлемнің ең әйгілі диджейлері өнер көрсетеді. Бесінші шілдеде «Астана Арена» алдындағы алаңда DJ Fara, DJ Baur, DJ Nejtrino, сонымен қатар, кештің басты қонақтары – DJ Smash және DJ Alex Gaudino электронды музыканың әлемге танымал үлгілерін көпшілік назарына ұсынады.

Анар Тәңірқұлова 

Барлық жаңалықтар