Астанада ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана ашылды (Фото)

3 Шілде, 2015 14:47
Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа амбулаториялық-емхана кешенінің ашылу салтанатына қатысты. №9 қалалық емхана ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында салынған, деп хабарлады қала әкімдігі.

«Кешен құрамына консультативтік-диагностикалық бөлім, жалпы тәжірибе, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету дәрігерлері бөлімі, 20 орындық күндізгі стационар және амбулаториялық хирургия орталығы кіреді. Емхана Астананың сол жағалауындағы 80 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетпек», - делінген хабарламада.

Кешен халықаралық стандарттардың талаптарына сай келетін заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Сәулелі диагностика саласында зерттеу жүргізуге арналған аппаратура, диагностиканың ультрадыбыстық әдістері, балалар мен ересектерде ішкі органдар патологиясы диагностикасын жасауға арналған бейнеэндоскопиялық аппаратура да бар. Сонымен қатар, ЛОР дәрігер, офтальмолог және басқа дәрігерлер кабинеттері ашылды. Емхана Орынбор көшесі, 16/1 мекен-жайы бойынша орналасқан.

Сондай-ақ, қала басшысы әкімдіктің «Онкологиялық орталық» ШЖҚ МҚК базасындағы жаңа медициналық кластердің таныстырылымына қатысты. Мекемеде VARIAN (АҚШ) шығарған TRUEBEAM жоғарыэнергетикалық желілік жылдамдатқыш қолданысқа енгізіледі. Желілік жылдамдатқыш қатерлі ісіктің барлық формаларына заманауи техникаларды пайдалана отырып, сәулелі терапия жүргізуге мүмкіндік береді.

 

 

 

Барлық жаңалықтар