Ә.Исекешев: 5 ай ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 пайызға өсті

2 Шілде, 2015 16:24
Өнеркәсіптік өндірісті қолдау аясында 5 ай ішінде аталмыш сала көлемі 5 пайызға артты, деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында.

«Индустрияландыру картасы аясындағы өңдеуші өнеркәсіп жобаларының саны артқан. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығы аяқталған, екінші бесжылдығы басталған кезең оңай болып отырған жоқ. Геосаяси қауіп-қатерлер мен мұнай бағасының құлдырауы, Ресей мен Қытайдағы экономикалық өсімнің төмендеуі – біздегі өнеркәсіп пен жалпы экономиканың күн тәртібіне маңызды мәселелер шығарды. Жыл басында өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларының жоспары әзірленді, сол жоспар аясында жүйе құрушы кәсіпорындар мен шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсету шаралары көзделген. Осы жылдағы бес айда өнеркәсіп өндірісі 0,5 пайызға артқан», - деді Ә.Исекешев.

Оның айтуынша, Қытайдан сұраныстың азаюына байланысты темір рудаларына деген сұраныс азайды.

 «Жыл басындағы жағдайға қарасақ, Индустрияландыру картасы аясындағы 700 кәсіпорынның 200-ден астамы біраз қиындықтарға тап болды. Кейбіреуі тіпті өндірістерін уақытша тоқтатып қоюға мәжбүр болды. Бұның бірінші себебі, Ресей рублінің девальвацияға ұшырауы болса, тағы бір себеп – ішкі нарықтағы сұраныстың азаюы. Дегенмен, бес ай ішінде 135 жобаның жұмысын тұрақтандыра алдық. Басқа кәсіпорындар бойынша жағдай оңай болып отырған жоқ, бірақ біз тиісті жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, Индустрияландыру картасы аясында өңдеуші өнеркәсіптегі жобалардың саны 14 пайызға артқан», - деді Әсет Исекешев. 

Ботагөз Айтжанова

 

Барлық жаңалықтар