ҚР Мәжілісінің заңнамаларында ЭЫДҰ ұсыныстары қарастырылады – депутат

2 Шілде, 2015 19:48
Мәжіліс депутаттары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжіліс.

«Мәжілісте Экономикалық Реформа және Өңірлік даму комитетінің Төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов, сондай-ақ аталған комитет мүшелері Айгүл Соловьева мен Николай Логутов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы аумақтық даму және мемлекеттік басқару департаментінің талдаушысы Майкл А. Онил бастаған делегация өкілдерімен кездесті», - делінген хабарламада.

С. Әйімбетов Елбасының бастамасымен Қазақстанның ЭЫДҰ қатарына кіруге ниет білдірген 2011 жылдан бері осы бағытта белсенді әрі мақсатты түрде нақты шаралар қолға алынып келе жатқанын атап өтті.

Әсіресе, заңнамалық жұмыстарға баса назар аударып, ұйымның ұсыным, тілектерімен сәйкес келетін, жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіліктердің аражігін ажырату, кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту,кәсіпкерлік кодекс, өзін-өзі реттеу, мемлекеттік-жеке-меншік әріптестік мәселелеріне қатысты заң шығармашылық жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Майкл А. Онил Қазақстан Президенті мен ЭЫДҰ арасында өткен жылы арнайы Келісімге қол қойылғанын сөз ете келіп, осы жолда атқарылып жатқан ауқымды шараларға көңіл бөлді. Комитет Төрағасының атап өткеніндей, қазір біздің елімізде қолға алынып жатқан Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары Қазақстанды ең дамыған 30 елдің қатарына қосатын дамудың кешенді бағдарламасы.

Осы мақсатқа жету жолында Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасында ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығы айрықша болмақ. Айта кетейік, қазіргі таңда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға мүше болудан үмітті елдер қатарында Бразилияны, Қытайды, Үндістанды, Индонезияны, Ресейді атап өтуге болады.
 

Барлық жаңалықтар