• Басты
  • Жаңалықтар
  • А.Есімов: Алматының Наурызбай ауданы қысқа мерзім ішінде толыққанды әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды

А.Есімов: Алматының Наурызбай ауданы қысқа мерзім ішінде толыққанды әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды

2 Шілде, 2015 12:14
Алматы әкімі Ахметжан Есімов Наурызбай ауданының құрылғанына 1 жыл толуына орай өткен мерекелік шарада Мемлекет басшысының қолдауымен құрылған ауданның қысқа мерзім ішінде қаланың толыққанды әкімшілік-аумақтық бірлігіне айналғандығын атап өтті, деп хабарлады қала әкімдігі.

«Бүгін бұл аудан өзінің инфрақұрылымының жедел дамуы барысында көз тартады. Ауданда табиғи аймақтарды зерттеу, олардың ішінен проблемалы жерлерді анықтау, болашақ даму жолдарын есептеу барысында барынша үлкен тындырымды жұмыстар жүргізілді», - деді ол.

Қалаға қосылғанға дейін бұл аймақта ауыз сумен қамтамасыз ету басты мәселеге айналды, емханалар жоқ еді, 150 мың тұрғын үшін небәрі 6 мемлекеттік мектеп, 2 мектеп жасына дейінгі мекеме жұмыс істеді, ал жол-көлік құрылымы өте нашар болды.

Қазіргі кезде бөлінген 11 млрд. теңгеге 6 мектеп жөнделді, 40 көшеге орташа жөндеу жүргізілді, көше жарығының 50 діңгегі өзгертілді, 2,5 км электр желісі жүргізілді, 8 трансформаторлы қосалқы станция жөнделді, 3 жаңа скважина қазылды, ауыз судың 5 резервуары тазартылды, ең бастысы Наурызбай ауданын дамытудың Бас жоспары жасалды.

Осы Бас жоспарға сәйкес Жандосов көшесі қайта жасалады, Абай даңғылы үңіленіп, Ұлықбек, Жұбанов, Төле би көшелері, Момышұлынан қала шекарасына дейінгі жолдар жаңғыртылады. Үздіксіз электроэнергиясымен қамтамасыз ету үшін қосымша 9 қосалқы станция қою қарастырылады, жоғары электр желілері мен темірбетон қондырғылары алмастырылады. Таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2 жаңа скважина салу және «Таусамалы» ықшам ауданындағы 2 скважинаны қайта жасау үшін қаржы бөлінді. Ауданның әлеуметтік дамуына да ерекше мән берілуде, болашақта 2 мектеп, 3 бала бақша және 4 денсаулық сақтау нысаны салынады. Таяу жылдары спорттық орталық, агроөнеркәсіп паркі, сауда, ойын-сауық орталығы пайда болады. Наурызбай ауданының әкімшілік орталығы Шұғыла мөлтек ауданында орналасады, барлық мемлекеттік органдар осында шоғырланады.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар