Елші Е.Қазыханов Ирландия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

2 Шілде, 2015 10:57
Елші Ержан Қазыханов Ирландия Президенті Майкл Хиггинске сенім грамоталарын тапсырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ.

Елшінің Ирландияға сапарының мақсаты - Қазақстан мен Ирландия арасындағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан экономикасына жаңа инвестицияларды тарту, бірлескен экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастыру болды. Ирландия мемлекетінің басшысымен кездеуі барысында Қазақстан елшісі екі ел арасындағы байланыстарды, соның ішінде екіжақты қарым-қатынастың құқықтық базалары арқылы да нығайту мен кеңейтудің маңызды екендігін айтты. Екі арасындағы ынтымақтастықтың экономикалық және саяси әлеуетінің жоғары екендігіне назар аударды.   

Өз кезегінде М.Хиггинс Елбасының басқаруындағы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығын және еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін  жоғары бағалады. Ирлания Президенті сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастарды барынша тығыз етуге тырысу қажеттігін жеткізді.

Осы сапары барысында Қазақстан елшісі Ирландияның Ауыл шаруашылығы министрі С.Ковени, СІМ-нің Бас хатшысы және саяси директоры Н.Берджес пен Б.Робинсон, Ирландия Парламентінің Халықаралық істер және сауда жөніндегі бірлескен комитетінің төрағасы П.Брин сияқты лауазым иелері мен осы елдің іскер топтарының өкілдерімен жүздесті.   

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар