• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б.Сапарбаев Алматы облысы кәсіпкерлерін әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға шақырды

Б.Сапарбаев Алматы облысы кәсіпкерлерін әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға шақырды

1 Шілде, 2015 15:47
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.

Талдықорғанда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында вице-премьердің төрағалығымен өңіраралық кеңес өтті, оның барысында «Туған жерге тағзым» акциясы қорытындыланды, деп хабарлады primeminister.kz.

Ағымдағы жылы Алматы облысында байқауға жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам жеке инвестицияларға 232 әлеуметтік жоба ұсынылды. 

Кеңесті қорытындылаған Б.Сапарбаев кәсіпкерлікті дамытуға кең перспективалар мен тартымды бизнес ахуалды атап өтті. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына назар аударып, кәсіпкерлерді мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамытуға арналған мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырды. 

Б.Сапарбаев «Zhersu» ИӨК» компаниясын мысал ретінде келтірді, бұл компания өз қаражаты есебінен (600 млн. тг астам) Лепсі ауылында спорттық мектеп-интернат, спорт кешенін, тігін цехын, физика-математикалық бейімді лицей–интернатын, саябақ, кинотеатр және Жыланды ауылының педагогтарына арнап 11 үй салған. 

Бұдан өзге, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ү.ж. 5 айында облыста 21 балабақша (инвестиция 400 млн. тг асты) ашылды және 2015 ж. соңына дейін тағы 47-сін ашу жоспарланып отыр. 

Вице-премьер сондай-ақ облыстық кардиологиялық орталықты, 54 млн. тг. жеке қаражат есебінен салынған «Ален» балабақшасын аралап, Талдықорғанның әлеуметтік нысандарының қызметімен танысты.

Сервис және технологиялар колледжін аралау барысында Б.Сапарбаев әлеуметтік сала басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, онда өзекті мәселелер талқыланды және өңірдің одан әрі әлеуметтік дамуының басымдықтары анықталды.

Вице-премьер азаматтардың әл-ауқаты өсімін арттыруға, сондай-ақ 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығына баса назар аударды. Жиынды қорытындылаған Б.Сапарбаев Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

Сапар барысында вице-премьер сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй кешендерін қарап шықты. 

Текелі қаласында Б.Сапарбаев қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің жұмысымен танысып, моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында жөндеуден өткен балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығын аралады. 

Вице-премьердің жұмыс сапары Текелі қоғамымен кездесумен аяқталды, онда Б.Сапарбаев елімізде өткізіліп жатқан әлеуметтік реформалар туралы айтып, қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

 

Барлық жаңалықтар