• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжіліс ЕАЭО туралы шартқа Қырғызстанның қосылуы туралы шартты ратификациялады

Мәжіліс ЕАЭО туралы шартқа Қырғызстанның қосылуы туралы шартты ратификациялады

1 Шілде, 2015 15:02
Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Халық қалаулылары ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты, осыған орай,Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін басқа да халықаралық шарттар мен хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады Мәжіліс.

Аталған шарт 2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеуде жасалған. Оның талаптарына сәйкес, Қырғыз Республикасы осы Шарт күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауарлық номенклатурасын пайдаланады.

«Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда режимін сақтау мақсатында Қырғыз Республикасы үшінші елдермен саудада ЕАЭО мүше барлық мемлекеттер 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осындай үшінші елдермен өздері жасасқан халықаралық шарттарға сәйкес пайдаланатын тиісті режимді қолданады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, осы күні Италиямен, адамдарды ұстап беру және Италиямен, Румыниямен, Болгариямен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары талқыланып, мәжілісмендер қолдауына ие болды.

Жалпы отырыста депутаттар зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарап, оң баға берді. Заң жобасымен қолданыстағы заңнамадағы олқылықтардың орнын жоюды көздейтін заңнамалық актілерге: Салық кодексіне, «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Осы құжат бойынша жұмыс тобының 9 отырысы өткізіліп, онда 200-ден астам түзету қаралған. Мәжіліс депутаттары осы күні мақта саласын дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қарап, Сенат енгізген өзгерістермен келісті. 5 позициядан тұратын түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді.

Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялауға байланысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.
 

 

Барлық жаңалықтар