• Басты
  • Елбасы үзеңгілестері Ұлт көшбасшысы туралы баяндап берді (Фото)

Елбасы үзеңгілестері Ұлт көшбасшысы туралы баяндап берді (Фото)

1 Шілде, 2015 09:54
Елбасының Кітапханасында «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыбында Тұңғыш Президент үзеңгілестерінің жастармен кездесуі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ,  шараға Теміртау қаласы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары Назира Ильясова, Астана жастарының жетекші ұйымдары, студенттер мен жоғары сынып оқушылары, еліміздің жетекші  БАҚ өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы және Елбасы лауазымы жолындағы ерен еңбегін үзеңгілестерінің әңгіме-естеліктері арқылы жан-жақты ашып көрсету және танымал ету. Сонымен қатар іс-шара арқылы «Елбасы жолы» ұлттық формуласының теориялық-методологиялық мәселелерін айқындап, болашақ зерттеулерге тың серпін беру көзделген.

Кездесу барысында қонақтар жеке-жеке сөз алып, Теміртаудағы еңбек жылдары Елбасының көрнекті тарихи тұлға дәрежесіне жетуінде қаншалықты маңызды екенін білдірді.

 

70-жылдардан естелік айтқан Нина Тимофеевна қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездің өзінде интернационалдық тәрбиеге ерекше мән бергеніне тоқталды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының адамгершілік қырларын, үлгілі отағасы екенін әңгімелеп берді.

Төлеутай Ыбырайұлы былай деді: «Нұрсұлтан Әбішұлы жастайынан-ақ қатарынан дараланып тұрды. Басшы ретінде әр істі өзі көріп, тексеріп, нақтылығына көз жеткізіп жүретін. Үлкен шаруаның бүге-шүгесіне дейін меңгеріп алушы еді. Содан кейін ғана нақты байлам жасайтын».

Виктор Алексеевич жастарға өздерінің жас кезімен қазіргі заманды салыстыра әңгімеледі. «Бүгінгідей ғаламат мүмкіндіктерді, игіліктерді мейлінше пайдаланған дұрыс», - деді ол.

Ермек Ибрагимұлының де сөзін жиналғандар ықыласпен тыңдады. Ол «Металлург болу – нағыз ерлердің ісі. Сол жұмысқа төзе білгенінен-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының кім екенін үнсіз ұғуға болады. Біз Қазақстан Магниткасына бес мыңдай қазақ жігіті барған екенбіз. Соның оннан бірі ғана шыдап, сол жерге тұрақтады. Көпшілігі кейін кетіп қалғаны жасырын емес» деді.

 «Елбасы – достыққа берік жан. Оның әлі күнге дейін сыныптастарынан, еңбек жолындағы әріптестерінен байланыс үзбегенінен, Украинадағы аралас-құраластарын ұмытпауынан үлкен адамгершілік биіктікті байқауға болады», - деді  Қуаныш Омашұлы.

Іс-шараның екінші бөлімінде қонақтар жастардың сұрақтарына жауап қайтарды.

Кездесуді Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Елбасы үзеңгілестерін Тұңғыш Президенттің жастық, қалыптасу шағының бірегей куәгерлері екенін екпін түсіріп, атап өтті.

Соңында қонақтар Елбасы Кітапханасының «Тілектер» кітабына алғашқылар қатарында лебіздерін қалдырды.

 

Барлық жаңалықтар