• Басты
  • Сенат комитетінде Конституциялық заң жобалары қаралды
26 Маусым, 2015 18:07

Сенат комитетінде Конституциялық заң жобалары қаралды

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат комитетінде Конституциялық заң жобалары қаралды

Конституциялық заңның жобасы судьяларды зейнетақымен қамсыздандыру институтын қайта ұйымдастыру арқылы отставкадағы судьяларға өмір бойы ай сайынғы қамтылым төлеудің енгізілуін көздейді.

Заң жобасымен кемінде он бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар және заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларға өмір бойы төленетін қамтылымды көздейтін норма бекітіледі. Осы төлемдерге салық салынбайды, сондай-ақ бұл судьяның соңғы атқарған лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының елу пайызы мөлшерінде ай сайын жүзеге асырылатын болады, алайда судьяның соңғы атқарған лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының алпыс бес пайызынан және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз тоғыз еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Бұл ретте республикалық бюджет есебінен судьяларға төленетін қосымша міндетті зейнетақы жарналары алып тасталады.

Конституциялық заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Комитетте сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Конституциялық заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға  Азаматтық процестік кодекс жобасының ережелерімен сәйкестендіруге бағытталған түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Кодекс жобасымен азаматтардың сайлау құқықтарына қатысты сот актілеріне шағымдану институты енгізілетінен ескере отырып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына осындай істер бойынша бірінші сатыдағы соттар шешімдерінің түпкілікті екені туралы ережені алып тастайтын түзету енгізіледі.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының барлық шешімдері мен әрекетін (әрекетсіздігін) даулау туралы істерге жатқызу арқылы Жоғарғы Сотта қаралатын істердің санаттары ұлғаятын болды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңындағы төрт баптан қайталайтын ережелер алынып тасталады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға Жоғарғы Сотта арнайы мамандандырылған сот алқасын құруды көздейтін, сондай-ақ «Мемлекет құрылысындағы 100 нақты қадам» мемлекеттің бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі Ұлт жоспарын орындауға арналған түзету енгізіледі. Атап айтқанда, Конституциялық заң жобасымен азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуді оңайлату үшін сот жүйесін оңтайландыру мақсатында сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш деңгейлі (бірінші, аппелляциялық және кассациялық) жүйесіне көшуге қатысты түзетулер енгізіледі. Жоғарғы Сотта жаңа консультативтік орган – халықаралық кеңес құру көзделіп отыр.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

 

 

 

 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды