• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жер қойнауын пайдалануға құқық беру австралиялық әдіс бойынша 25 күнге дейін қысқартылды – Нұрабаев

Жер қойнауын пайдалануға құқық беру австралиялық әдіс бойынша 25 күнге дейін қысқартылды – Нұрабаев

17 Маусым, 2015 11:21
Инвесторлар үшін ең тартымдылығы жер қойнауын пайдалану құқығын 540 күннен гөрі, австралиялық әдіс бойынша 25 күнде алу мүмкіндігі, яғни мерзім 18 есе қысқарады, деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев Астанадағы Тау-кен металлургияның VI-шы халықаралық конгресі барысында.

«Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес жер қойнауын пайдаланудың барлық кезеңдерінде міндетті түрде келісімнің экологиялық сараптамадан және барлау кезеңінде экономикалық сараптамадан өту шарттары алынып тасталды. Алғаш рет аукцион арқылы байқау жеңімпазын анықтау енгізілді.  Сонымен қатар,  алғаш рет Австралия тәжірибесі бойынша жеңілдетілген барлау құқығын беру тәртібі қабылданды»,- деп атап өтті Б. Нұрабаев.

Комитет басшысы атап өткендей, инвесторлар үшін ең тартымдылығы жер қойнауын пайдалану құқығын 540 күннен гөрі, австралиялық әдіс бойынша 25 күнде алу мүмкіндігі, яғни мерзім 18 есе қысқарады.

«Ал, жерқойнауын пайдалануға беру құқығын ұсыну бойынша аукционның үйреншікті байқаудан айырмашылығы бір ғана өлшемде – қол қойылған бонустың көлемі. Ал, үйреншікті байқауда екі өлшем болатын – қой қойылған бонустың көлемі мен аймақтың әлеуметтік дамуы үшін шығын көлемі. Бұл өз кезегінде байқау жеңімпазын әділ анықтауға кедергі келтіретін»,- деп толықтырды Б. Нұрабаев.

Оның айтуынша, барлаудың жеңілдетілген әдісі Қазақстандағы шағын жас компаниялар нарығын дамытуға септігін тигізеді. Оның үстіне, бұл тәртіп индустриалды-инновациялық қызмет субъектеріне де пайдаланылатын болады.

Айта кетерлік жайт, қол қойылған бонус – ол келісім шарт аумағында жерқойнауын пайдалануға құқықты алу үшін жер  қойнауын пайдаланушының  бір реттік белгіленген төлемі.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар