• Басты
  • Жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі өңірлік кешенді жоспарларды іске асыру нәтижесінде 100 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі өңірлік кешенді жоспарларды іске асыру нәтижесінде 100 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

17 Маусым, 2015 14:48
Жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі өңірлік кешенді жоспарларды іске асыру нәтижесінде 109 мыңдай адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Кешенді жоспарлардың атқарылу барысына жасалған мониторинг бойынша 2015 жылғы 1 маусымға дейін 159,9 мың адам немесе жылдық көрсеткіштің 50% жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі белсенді шаралармен қамтылған. Еңбекпен қамту органдарына хабарласқан азаматтардың ішінде 109 мың адам жұмысқа орналастырылды. 

Атап айтқанда, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында іске асырылған жобаларға 14119 адам тартылды. Тағы 11087 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 5409 адам жастар саясаты аясында еңбекпен қамтылды. 78408 адам мемлекеттік қолдаусыз жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс тапты. 

Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтудың тиімді шараларының бірі қоғамдық жұмыстарға бағыттау боп табылады. Соңғы мәліметтер бойынша, оларға 44 мыңдай адам қатысты.

«Жыл басынан бері қайта оқуға немесе біліктілігін арттыруға 5138 адам шешім қабылдап, тағы 510 азамат жеке кәсібін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие алды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыссыздар санының өсуіне жол бермеу және еңбек нарығында тұрақтылықты сақтау мақсатында өңірлерде жұмыспен қамтуға көмектесу жөнінде кешенді жоспарлар бекітіліп, іске асырылуда.   

Аталған жоспарлар азаматтарды «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы», сондай-ақ, басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға тарту бойынша қажетті шараларды қолға алуды қарастырады.  

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар