Қ.Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасымен кездесті

15 Маусым, 2015 19:24
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің ТөрағасыАсылбек Жээнбековпен кездесті, деп хабарлады Сенат.

«Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев жүйелі түрде кездесіп отырады, екі ел үкіметтері мен парламенттері алдына бауырластық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналған ауқымды межелер қойып келеді», - деді Қ.Тоқаев кездесу барысында. Сенат Төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес туралы келісімнің жасалуын, сондай-ақ ол Кеңестің алғашқы отырысының Астанада өткізілуін ықыласпен атап өтті.

Қ.Тоқаев Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі жөніндегі Хаттамаға қол қойылуымен және бұл құжаттың Қырғыз Парламентінде ратификациялануымен әріптесін құттықтады. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТМД ПАА және ҰҚШҰ ПА аясында екі ел парламентшілерінің жемісті ынтымақтастығын жалғастыру жайында айтты.

«Қазақстанмен одақтастық және тату көршілестік қатынастарды дамыту Қырғыз Республикасы үшін даусыз басымдық болып табылады» деп атап өтті өз кезегінде .Жээнбеков. Ол Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуымен, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін табысты өткізуімен құттықтады. Мейманның пікірінше, Президент Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларының арқасында Қазақстан елдің ішіндегі ғана емес, күллі әлемдегі тұрақтылыққа жәрдемдесіп келеді. Ол сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесі бүкіл аймақтың технологиялық дамуына күшті серпін беретініне сенім білдірді.

Сол күні Қ.Тоқаев Сингапурдың Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің деканы, профессор Кишор Махбубанимен кездесті. Ли Куан Ю мектебі Назарбаев университетіндегі Жоғары мемлекеттік саясат мектебімен стратегиялық әріптес болып табылады. Назарбаев университетінің түлектері биыл алғаш рет қанат қағып отыр.

Барлық жаңалықтар