Мәжіліс депутаттары жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті (ФОТО)

12 Маусым, 2015 19:34
Мәжілісте Палата депутаттары Мейрам Бегентаев, Айгүл Соловьева және Алмас Тортаев «Жас көшбасшылар үшін Парламент моделі» жобасы аясында Қазақстан жастар ұйымдарының белсенділерімен және жастар ақпараттық қызметі өкілдерімен кездесті, деп Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Жастар алдында сөз алған М. Бегентаев «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның қабылдануы айтулы жетістіктің бірі екенін алға тарта келіп, аталған заң жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталғанын, онда көрсетілген барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін  алдағы уақытта да бірлесе еңбек ету керектігін атап өтті, делінген хабарламада.

А.Тортаев атап өткендей, қос тараптың алдында тұрған ендігі маңызды қадам - осы Заңда айтылғандардың толықтай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Өйткені, құжатта жастардың өзін-өзі басқаруына, мемлекеттік жастар саясаты субъектілерінің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беруге, жастармен тиімді жұмыс істеудің тетіктерін қалыптастыруға, жастардың құқықтарын кеңейтуге айрықша назар аударылып отыр.    

Өз кезегінде Айгүл Соловьева  Қазақстанның қарқынды дамуы жолында жалынды жастардың рөлі өте зор екенін баса айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы жастарды жарқын болашаққа жетелейді. Парламентте жүзеге асырыла бастаған 100 қадам міндеттерінің ойдағыдай орындалуына жас буын өкілдері де белсене араласуға тиіс.

Екі сағатқа жуық созылған кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарға тұщымды жауаптар алып, халық қалаулыларына мағыналы, жылы жүздесу үшін өз ризашылықтарын білдірді.

Барлық жаңалықтар