• Басты
  • Жаңалықтар
  • К.Мәсімов ҚР Үкіметі отырысында моно- және шағын қалаларды дамыту бойынша кеңес өткізді

К.Мәсімов ҚР Үкіметі отырысында моно- және шағын қалаларды дамыту бойынша кеңес өткізді

12 Маусым, 2015 09:28
Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында моно- және шағын қалаларды дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.

ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2015 жылдың қаңтарынан бастап моноқалаларды дамыту бағдарламасы жоюға қойылып, ал оның шаралары жеке бөліммен 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасына ықпалдастырылғанын еске салып өтті. Сонымен бірге, моноқалалардың ШОБ-ін қолдаудың мемлекеттік шаралары «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасына ықпалдастырылды.

Министрдің мәліметінше, 2014 жылы 2011 жылмен салыстырғанда моноқалаларда белсенді жұмыс жасайтын кәсіпорындар саны орта есеппен алғанда 20%-ға артып, 29,5 мың бірлікті құрады. Осы кезеңдегі жұмыссыздық деңгейі барлық моноқалаларда төмендеді. 2014 жылы аталған көрсеткіш жалпы еліміз бойынша 5%-ды, моноқалаларда – 4,7%-ды құрады.

Бұдан өзге, 2011 жылмен салыстырғанда табысы күн көріс минимумынан төмен халық үлесі 25 моноқалада төмендеді. Сәйкес көрсеткішке Жаңатас – 6,1% және Кентау – 6,9% қалаларында қол жеткізілген жоқ.

2014 жылдың қорытындысы бойынша 16 зәкірлі жоба пайдалануға беріліп, 2,7 мың жұмыс орны құрылды, олардың 10-ы 50-ден 100 % дейінгі жобалық қуаттылыққа шықты. Биылғы жылдың соңына дейін Степногорск, Текелі, Құлсары, Балқаш, Сәтпаев, Сарань, Екібастұз, Ақсу, Риддер және Зыряновск қалаларында 14 жобаны енгізу жоспарланған.

«2013-2014 жылдары моноқалалардың ШОБ дамытуға 7,2 млрд. теңге бөлінді, 1380 микронесие мен 283 грант берілді, субсидиялауға 346 жоба маұлданды, 12 моноқалада кәсіпкерліктің 22 нысанына инфрақұрылым жүргізілді», - деп хабарлады Е.Досаев.

Сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға өткен екі жылда 123 жобаны жүзеге асыруға 21,4 млрд. теңге, моноқалаларды абаттандыруға 19,4 млрд. теңге бөлінді.

«Моноқалаларды дамыту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға ағымдағы жылы барлығы 16,6 млрд. теңге, оның ішінде ШОБ-ті дамытуға - 3,3 млрд. теңге қарастырылған», - деп толықтырды ол.

Оған қоса, министр ШОБ-ті дамытуға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыстың жеткіліксіздігін атап өтті.

«Жергілікті атқарушы органдар моноқалаларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары аясында мүмкіндіктер мен жаңа өзгерістерді түсіндіру бойынша жұмысты күшейтуі тиіс деп есептейміз», - деп түйіндеді Е.Досаев.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша бірқатар министрліктер мен облыс әкімдіктерінің басшылары сөз сөйледі.

 

Барлық жаңалықтар