• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде толеранттық және кемсітпеушілік мәселелерін маңызды деп санайды

Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде толеранттық және кемсітпеушілік мәселелерін маңызды деп санайды

11 Маусым, 2015 09:37
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезіне қатысу үшін Астанаға келген ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ.

Кездесу барысында министр және ЕҚЫҰ басшысы Ұйым шеңберіндегі бірлескен жұмыстың басты бағыттарын талқылады.

«Е. Ыдырысов ұйым қауіпсіздігінің үш өлшемі (саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық) шеңберіндегі ЕҚЫҰ және жеке Л. Заньер қызметіне және ЕҚЫҰ мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда жүргізіп жатқан жұмыстарына қолдауын білдірді. ҚР СІМ басшысы гуманитарлық өлшем шеңберіндегі толеранттық және кемсітпеушілік мәселелерінің Қазақстан үшін ерекше маңызы зор екенін атап өтті», - делінген хабарламада.

 «Сол себепті, Астанадағы ЕҚЫҰ төрағалығымыз кезінде біз осы мәселелерге зор көңіл бөліп, әлемнің жетекші діндері, әсіресе Ислам мен Христиан діндері арасындағы ынтымақтастық қағидалары көрсетілген ЕҚЫҰ шеңберінде «Жаңа оңжылдықта толеранттыққа жол» құжатын дайындауға шақырған болатынбыз», - деп, осындай құжаттың қабылдану қажеттілігі уақыт өте тек артқанын атап өтті.

Е. Ыдырысов Қазақстанның дәстүрлі діндердің бұрмалануы жиі кездесіп, зорлық, лаңкестік және ЕҚЫҰ аумағында трансұлттық қауіптердің таратылуында жиі қолданыла бастаған тендециясына алаңдайтынын атап өтті. Ол 2003 жылғы XXI ғасырдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық қауіптеріне қарсы әрекет ету жөніндегі ЕҚЫҰ Стратегиясының және 2010 жылғы Астаналық мерейтойлық декларацияның өзектілігін растап, аталған қауіптерге қарсы тұратын ЕҚЫҰ атқарушы құрылымдардың әлеуетін арттыруда қосалқы шаралар қолдануға шақырды. Шекараларды нығайту, заңсыз көші-қон, қарудың заңсыз айналымы және адам саудасы мәселелері маңызды бағыттар қатарында қарастырылу қажеттілігін айтты.

Сыртқы саяси мекеме басшысы ү.ж. 10 шілдеде Финляндия астанасында Хельсинки қорытынды актінің 40-жылдығына орай мерейтойлық іс-шараның өткізілуін қуана қарсы алып, Қазақстан бұл шараға жоғары деңгейде қатысатынын айтты. Ол ЕҚЫҰ Бас хатшысын ү.ж. қазанда Астанада өтетін «Хельсинки+40, Астана+5» халықаралық конференцияға шақырды.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы әлемнің қазіргі мәселелерін шешу жөніндегі, атап айтқанда қаржы-экономикалық және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бірқатар халықаралық бастамаларымен шыққан Қазақстанның белсеңділігін жоғары бағалады.

Сұхбаттастар бірқатар басты бағыттар бойынша пікір алмасып, өңірдегі қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша күштерді біріктіру маңыздылығымен келісті.

Сонымен қатар, тараптар Украинадағы дағдарысты реттеу бойынша шараларды талқылады. Е. Ыдырысов елдегі сақталып жатқан шиеленіске алаңдаушылық білдірді. «Қазақстан Ресей, Украина және Батыс елдер арасындағы қатынастардың реттелуіне бағытталған жұмысты жалғастыруда», - деп атап өтті Министр. Қазіргі таңда Қазақстан өкілдері Украина оңтүстік-шығыстағы ЕҚЫҰ арнайы мониторинг миссиясының жұмысына қатысуда.

Жалпы тараптар ЕҚЫҰ жауапкершілігіне қарасты кеңістікте соңғы жылдары орын алған оқиғалар, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарулы қақтығыстар мен дағдарыстар Қазақстанның ұйымдағы 2010 жылғы төрағалығы кезінде қолданған төрт «Т» – Trust. Tradition. Transparency. Tolerance. (Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Толеранттық) ұранының өзектілігін айқын көрсетеді деген пікірге келді.

 

Барлық жаңалықтар