Алматы облысының әкімі Қытай консулымен кездесті

10 Маусым, 2015 19:51
Бүгін облыстық әкімдікте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Чжан Вэй мырза бастаған қытайлық консулдық өкілдерімен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Кездесу барысында облыс басшысы Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, болашақтағы даму мүмкіндіктері мен қолға алынып жатқан іргелі жобалар туралы баяндады.

Соның ішінде Қытаймен шектесетін аймақтағы «Қорғас - Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын құру, «Құрғақ порт» құрылысының маңызы, Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорындарының аймақ экономикасына үлесі жайында сөз қозғады. Сонымен қатар облыстың ауыл шаруашылығын, туризмді, логистиканы дамытудағы мүмкіндіктері жайлы әңгіме өрбітті.

Өз кезегінде Чжан Вэй мырза Алматы облысы мен ҚХР арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныстар негізінен Алматы облысының Қытай аймақтарымен, соның ішінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданымен және Қазақстанмен шекаралас Іле округімен байланысын орнату,  іргелі жобаларды қолға алу үшін бизнесмендердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, кедендік процедураларды жеңілдету, гуманитарлық саладағы байланыс ауқымын кеңейту, туризмді дамыту мақсатында туристік жәрмеңкелер, презентациялар, бизнес-форумдар өткізу туралы болды.

Облыс әкімі А. Баталов жалпы екі тараптың да әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан өз тиімділігін көрсететін бұл ұсыныстарды қолдайтындығын айтып, Қазақстан және ҚХР президенттерінің бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолын» жаңғырту жобаларын сапалы орындау бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге ниет білдірді. Және Чжан Вэй мырза арқылы жеткізілген Іле округі басшысының әріптестік шақыртуын қабыл алатынын, ол сапарды алдағы уақытқа жоспарлайтынын да атап өтті.

Кездесу соңында қос тарап бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады.

Барлық жаңалықтар