• Басты
  • Өскеменде «Bala Turkvizyon» байқауының іріктеуі аяқталды (Фото)

Өскеменде «Bala Turkvizyon» байқауының іріктеуі аяқталды (Фото)

10 Маусым, 2015 20:21
Өскеменде Халықаралық «Bala Turkvizyon» ән байқауына дейінгі Ұлттық іріктеудің алғашқы аймақтық кастингі болып өтті.

Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 157 жас үміткердің ішінен топ жарған семейлік Рашида Узыханова Астана қаласында өткізілетін Ұлттық іріктеуге қатысу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

Үздік жас өнерпаздарды таңдап, баптауға ниетті әнші Санда Өскеменге өзінің елге танымал бірқатар әріптестерімен келген. Оның ішінде продюссер Ерік Тастамбеков, әнші Иван Бреусов бар. Кастинг барысында Е.Тастамбеков жас өрендердің арасынан жеңімпазды анықтау қиынға соққандығын жасырмады.

« Кеше 157 жас әнші өнер көрсетті. Дарындылардың көптігінен бізге жеңімпазды анықтауға келгенде көп ойланып, қателесіп кетпеуге тырыстық. Ал Рашида болса бірден-ақ бәріміздің көңілімізден шықты. Ендігі кезекте Шығыс Қазақстанның намысын осы әнші қорғайтын болады», – деді Е.Тастамбеков.

Көп балалы отбасыдан шыққан 12 жастағы Рашида Семей қаласының №6 мектеп-гимназиясында оқиды. Осы уақытқа дейін жас әртіс көптеген халықаралық және республикалық сайыстардың жеңімпазы атанып үлгірген. Алдағы уақытта Рашиданың тәлімгері Санда болатын болды.

 Металлургтер мәдениет сарайында өткен баспасөз мәслихаты барысында Санда жас әртіске жаңа ән жазып беретінін, сол әнмен Рашида Астанада 17 қыркүйекте өтетін Ұлттық іріктеуде бағын сынайтынын жеткізді. Ал оған дейін жас өнерпаз «Бөбек» Ұлттық орталығындағы «Жұлдыздар үйінде» дайындалатын болады. Айта кету керек, Өскеменде өткен кастингте Рашида Батырхан Шүкеновтың «Отан Ана» әнімен топ жарды.

Астанада өтетін Ұлттық іріктеуде бірінші орынға ие болған әнші күзге салым Түркіменстанның Мары қаласында ұйымдастырылатын Халықаралық «Bala Turkvizyon» байқауына қатысады.

 

Барлық жаңалықтар