• Басты
  • Жаңалықтар
  • Үшінші жыл қатарынан жамбылдық оқушылар ғылыми жобалар бойынша үздік атанды

Үшінші жыл қатарынан жамбылдық оқушылар ғылыми жобалар бойынша үздік атанды

12 Маусым, 2015 10:09
Жамбыл облысының басшысы Карим Көкрекбаев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Кездесуге барлығы облыстың 103 дарынды оқушылары, сонымен қатар оқушылары жеңімпаз атанған мектеп басшылары мен мұғалімдер қатысты.

Жалпы 2014-2015 оқу жылында Жамбыл облысынан халықаралық, республикалық олимпиадалар мен түрлі республикалық және облыстық интеллектуалдық іс шараларға 36682 оқушы қатысып, олардың 6542-і жеңімпаз атанды.

2014-2015 оқу жылында Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысқан 252 оқушының 133-і жеңімпаз атанды.

Соның ішінде:  51 медаль - Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда, 38 медаль - Республикалық пән олимпиадаларында, 24 медаль  - Республикалық ғылыми жобалар жарыстарында, 1 қола медаль - Президенттік олимпиадада, 17 медаль  – Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар жарысында, сонымен қатар 2 қола - Республикалық Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі олимпиадасында ұтып алынды.

Республикалық пәндер олимпиадасының  қорытындысы бойынша 4-ші жыл қатарынан  Жамбыл облысының командасы командалық І-ші орынды иеленді, ал  ғылыми жобалар жарысынан 3-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанды.

Облыс әкімі Карим Көкрекбаев дарынды жастарға одан әрі табыстар мен жеңістерге жетуді тілеп, ноутбуктар, ал жеңімпаз оқушыларды дайындаған мұғалімдерге Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

 

Барлық жаңалықтар