ЕО Қазақстанның «Жасыл экономика» үлгісіне көшуі үшін 7,1 еуро бөлді

8 Маусым, 2015 16:41
Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігімен, БҰҰ Даму бағдарламасымен және Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп, «жасыл экономикаға» көшуді қарастыратын жобаны іске қоспақ.

Еуропалық Одақ қолдап отырған «Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуін қолдау» атты жобасы 4 жылға жалғасады. Жобаның жалпы құны 7,1 млн еуро.   

«Еуропалық Одақ өз тәжірибесін Қазақстанмен бөлісіп отырғанына қуанышты. Бізге сіздердің тараптарыңыздан бұл мәселеге деген қызығушылықтарыңыз белгілі. Қазақстан табиғи ресурстарға бай бола тұрғандығына қарамастан, бұл елдің өткенін ескергенде экологиялық қауіптері көп. Бүгінде Қазақстанның «Стратегия -2050» аясында «жасыл экономикаға» деген бағыт-бағдары айқын»,-деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Аурелия Бушез Астанада өткен баспасөз мәслихатында.     

Іске қосылатын жобаның шешуші бағыты  су ресурстары. Оның мақсаты су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, экологиялық бақылау жүйесін жетілдіру, тұрғындарды қажетті көлемдегі ауыз сумен қамтамасыз ету, кейбір инновациялық жобаларды іске қосу да жобаның мақсаттарының бірі.   

«Жоба су құрылғыларын қайта жөндеуден өткізу мен оған қажетті отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, ең бастысы еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне қолдау көрсету болып табылады»,-деді елші.  

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар