• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Литва көлік және логистика саласында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан мен Литва көлік және логистика саласында ынтымақтастық орнатты

8 Маусым, 2015 12:03
Қазақстан Республикасының «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «KTZ EXPRESS» АҚ президенті Санжар Елубаев пен Клайпеда Мемлекеттік Теңіз порты дирекциясының МК Бас директоры Арвидус Вайткус инвестиция тарту, транзиттік және жүктерді тасымалдау мен логистикасы жөніндегі серіктестік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлады «ҚТЖ» АҚ.

Меморандум Литва-Қазақстан- Литва аралығындағы импорт пен экспорт және транзиттік жүк ағындарының бәсекелестігіне қолайлы жағдай жасаудан туындап отыр. Оның ішінде екі мемлекеттің де аумағындағы теңіз және коммерциялық порттарының терминалдарына,  көліктік-логистикалық қызметі мен өнеркәсіп инфрақұрылымына инвестиция тарту көзделеді. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА, «Клайпеда- Батыс қақпасы», Батыс-Шығыс көлік дәлізі, «Жаңа Жібек жолы» халықаралық көліктік-логистикалық жобаларын дамыту қарастырылған.

Екіжақты маңызды құжатқа маусымның 5-6 күндері Клайпедада өткен Халықаралық литва- қазақ көліктік-логистикалық конференциясы аясында қол қойылды.

«KTZ  Express» АҚ президенті Санжар Елубаев өз баяндамасында «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудан туындаған Қазақстан мен Литва серіктестігінің болашағы мен жоспарлары,  компанияның Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы жобаларына тоқталды. Тасымалдаудың сапасын жаңа деңгейге көтеру, мемлекеттің ғаламдық көліктік-логистикалық жүйеге ықпалдасуы Қазақстан Республикасының әлеуметтік- экономикалық дамуына және шетелдік серіктестерге инвестициялық қолайлы ахуал жасауына мол мүмкіндік әперетіндігіне мән берді.

Сонымен қатар, «KTZ  Express» АҚ президенті VPA Logistics компаниясымен бірлесіп «Сәуле» контейнерлік пойызын Қытайдан келетін жүктердің көлемін арттыра түсіп, оны Еуропа бағдарына қарай жіберіп, Еуропадан Қазақстанға, одан әрі Қытайға және Орта Азия елдеріне жөнелту, ол үшін  «ҚТЖ» ҰК» АҚ рифирижаторлық контейнерлері паркімен Клайпеда портының VPA Logistics компаниясының мүмкіндігін пайдалану және болашақта «Saule Logistics Solutions» бірлескен кәсіпорнын құру туралы мәселе қозғады.

Өз кезегінде баяндама жасаған «KTZE – Khorgos Gateway» ЖШС Бас директоры Карл Гейсен Қазақстанның көлік саласына және теңіз жолы бағдарына мол мүмкіндік әперетін «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА, «Құрғақ портын» дамытуға назар аударды.

 

 

 

Барлық жаңалықтар