Вице-премьер Б.Сапарбаев СҚО бірқатар нысандарында болды

5 Маусым, 2015 18:51
Премьер-Министрдің орынбасары Бердибек Сапарбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Тәуліктің бірінші бөлігінде вице-премьер мәдениет нысандарымен танысты, ол ашық аспан астындағы музей «Ботбай қонысы» мен «Абылай хан резиденциясы» кешенінде болды. Б.Сапарбаев археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген аймақтарды аралап, музей экспозицияларын көрді.  

Вице-премьер Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында болып, ондағы тұрғындармен кездесіп, олардың сауладарына жауап берді және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

«Патропавлда Б.Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Оның жұмысына, ғылым, мәдениет саласының өкілдері қатысты.  Қазақ хандығының 550 жылдығымен байланысты тарих тақырыбындағы кең-ауқымды мәселелер қамтылды»,-делінген хабарламада.   

Кіріспе сөзінде вице-премьер Қазақстан Президентінің 2015 жылды ұлттық тарихқа тағзым ету жылы болатындығын атап өтті.  

«Біздің басты мақсатымыз – тарих тұңғиығынан жеткен халықтың өткенін ұмытпау, бүгінгіні бағалап, болашаққа сеніммен қарау. Ол үшін біздің ата-бабаларымыз аңсап келген «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру керек»,-деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары сөзінде Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын атап өту –жауапты да тарихи оқиға екендігін айтты.   

Тәуліктің екінші жартысында Б.Сапарбаев облыстық онкологиялық диспансердің жұмысымен танысты.  

Осы жерде обылстың әлеуметтік саласының жетекшілерімен мәжіліс өткізіп, ҰБТ-ны ұйымдастыру, денсаулық сақтауды дамыту, дуальды білім беруді енгізу сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Келесі кезекте ол «Мұнаймаш» акционерлік қоғамында болып, кәсіпорынның өнеркәсіп цехтарын аралап, дуальды білім беру жүйесі бойынша білім алған жас мамандармен жүздесті. Осы жерде өндірістік үдерістерді тұрақтандыру мен жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдеріне қатысты меморандумдардың орындалуына байланысты мәжіліс өтті. Мәжіліске кәсіпорындардың басшылары, ШОБ өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.  

Сапарды қорытындылай келе, Б.Сапарбаев облыс әкімдігіне меморандум талаптарының орындалуына тұрақты бақылау жасап, дағдарысқа қарсы штабтың аймақтық және үшжақты комиссиясының жұмысын нығайтуды тапсырды.   

Бұған қоса, ол жұмыс берушілердің аймақтық бірлдестіктерінің өкілдеріне еңбек ұжымдарында қолайлы әлеуметтік климат қалыптастыру қажеттігін айтып, бұл мәселеде қағазбастылықтан ада болу қажеттігін ескертті.    

 

 

 

 
 

Барлық жаңалықтар