• Басты
  • Жаңалықтар
  • Бүгін - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Бүгін - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні (ФОТОРЕПОРТАЖ)

4 Маусым, 2015 09:28
Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым күні ҚР Мемлекеттік рәміздер күні тойланады.

Мемлекеттік Рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік Рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады.Біздің елде мемлекеттік рәміздерге  - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік әнұран жатады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. 

Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.

ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. 

Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.

Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

 

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

 

Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды.  Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Сөзін жазғандар - Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев,  әнін жазған - Шәмші Қалдаяқов

Индира Қауметова

Суретті түсірген  Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар