ҚР Ұлттық музейінде Қазақ хандығының дәуірінен 163 экспонат қойылған

3 Маусым, 2015 18:21
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан ғасырлар тарихынан» атты жобаның аясында Отрар Мемлекеттік археологиялық музей-қорығы мен «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Тарихи жады және тағылым» атты Қазақ хандығының дәуірінен бірлескен көрмесі ашылды.

«Бүгінгі көрме жәдігерлері Отрар мен Түркістаннан әкелінген. Бұл тарихи орындар біздің келушілеріміздің, қонақтарымыздың көруіне лайықты-ақ. Ұлттық музейде қойылған экспонаттар көп мәліметтерден хабардар етеді және олар Қазақ хандығымен тікелей байланысты. Экспонаттар сол замандағы тыныс-тіршіліктің, сол кездегі экономика мен құрылымның айқын куәлары. Ұлттық музейде біз ғылым саласының мамандары мен қонақтарға «Қош келдіңіздер!» дейміз. Осы көрме арқылы біз өзіміздің әйгілі тарихымызды қалың көпшілікке мақтанышпен көрсете отырып, болашаққа сенімді көзқараспен қарауымыз керек»,-деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай. 

«Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековтың айтуынша, музейге Қазақ хандығы кезіне қатысты 163 экспонат қойылған.  

«Бүгінгі көрме Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Түркістан қаласы 1598 жылдан, яғни Есім ханның кезінен бастап, Қазақ хандығының астанасы болды және онда біздің хандарымызды таққа отырғызатын болған. Мұндай ұлықтау рәсімі 1815 жылға дейін өткен. Ежелден бұл өлке өркениет ошағы болған. Біздің қорымызға 24 мыңнан астам экспонат жиналды. Олардың барлығы да теңдессіз және еліміздің аймағынан табылған. Бүгін біз осы көрмеге 163 экспонат алып келдік, олардың арасында Қазақ хандығы кезінде құйылған шақалар, қолжазбалар мен керамика бұйымдар және шамшырақтар»,-деді директор.  

Көрмені тұрғындар мен қонақтар биылғы жылдың 3- маусымы мен 4-желтоқсаны аралығында тамашалай алады.  

Анар Тәңірқұлова

 

 

Барлық жаңалықтар