Биыл ОАР-да ҚР елшілігі ашылады

16 Қазан, 2013 10:52
Биыл Қазақстан Оңтүстік Африка Республикасында өз елшілігін ашады, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ҚР Парламент Сенатындағы үкіметтік сағатта.

«Біз үлкен экономикалық мүмкіндіктерге иелік ететін Африка құрлығымен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанның ОАР-дағы елшілігін ашуды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың соңында  ел Президентінің ОАР-на сапары күтіліп отыр», - деді Е.Ыдырысов.

Оның айтуынша, келесі жылы Эфиопия да елшілік ашылмақ.

«Бұл Африканың саяси астанасы. Ол жерде Африка Одағының штаб-пәтері орналасқан. Біз Эфиопиямен байланыс құра отырып, барша Африка елдерімен қатынасымызды қалыптастырмақпыз», -деді СІМ Басшысы.

Сонымен қатар, министр Қазақстанның Латын Америка елдерімен де байланысы дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Латын Америка елдері Қазақстанды аймақтық көшбасшы ретінде таниды. Олар біздің елмен саяси және экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі. Келер жылы біз Мексикада өз елшілігімізді ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Е.Ыдырысов.

 

 

 

Барлық жаңалықтар