• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар патриоттық шаралар өтеді

Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар патриоттық шаралар өтеді

3 Маусым, 2015 16:09
4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Осыған орай елордада бірқатар іс-шаралар өткізіледі, деп елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

 «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Рәміздерді құрметтейік» атты дөңгелек үстел өтеді. Шараға елорданың белсенді жастары тартылады.

«Конференцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті насихаттау, жас ұрпақты патриотизмге баулу», - делінген хабарламада.

Қаланың барлық кітапханалар жүйесінде бір ай бойы рәміздер тарихынан сыр шертетін кітап көрмелері өтеді. 4 маусымда №8 қалалық кітапханада «Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» атты елорда тұрғындарымен әңгімелесу сағаты, ал №2 кітапханада «Ел рәміздері - ел рухы» атты азаматтық сабақ өтеді.

Бұдан басқа, 4-10 маусым аралығында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Елімнің рәміздері – Тәуелсіздіктің белгісі» атты слайд көрмесі ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. 

Барлық жаңалықтар