Қазақстанда нашақорлықпен күрес жөнінде айлық басталды – ҚР ДСӘДМ

3 Маусым, 2015 20:23
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгін республикада «Сенің өмірің. Сенің қоғамың. Есірткіге орын жоқ!» ұранымен Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне арналған айлық басталды, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Айлық барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде психоактивті заттарды пайдаланудың профилактикасы жөнінде дөңгелек үстелдер, дебаттар мен пікірталастар ұйымдастырылып, оларға атақты актерлер, спортшылар мен әншілер қатысады.

Халық көп жиналатын орындарда танымал адамдар мен ардагерлердің қатысуымен флэш-моб шараларын өткізу жоспарланған. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында, наркодиспансерлерде, жастардың денсаулық мектептерінде және темекі қарсы орталықтарда ашық есік күндері ұйымдастырылып, азаматтарға психологтар, наркологтар және әлеуметтік қызметкерлер тегін кеңестер береді.      

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткіні бақылау жөнінджегі комитетінің 2014 жылғы баяндамасында есірткі тұтынушылардың жалпы саны әлем халқының өсіміне сай артып келе жатқаны айтылған. Ине арқылы есірткі пайдалатын тұлғалардың жартысынан астамы С гепатитін жұқтырған деген жорамал бар.  

«Алкоголь және есірткіге мониторинг орталығы» қоғамдық қоры жариялаған 2014 жылға арналған Қазақстандағы нашақорлық туралы ұлттық есепке сәйкес, республикадағы есірткі тұтынушылардың негізгі бөлігі ішкі инъекцияларға тиесілі.   

Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналамына қарсы күрес – республикада мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Психоактивті заттардың денсаулыққа тигізетін орасан зияны туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар және жастар мен жасөсіпірімдерге қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдайлар жасауға қоғам назарын аудару денсаулыққа деген жауапты көзқарасты, сондай-ақ, психоактивті заттарды тұтынудан бас тарту машықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. 

 

Барлық жаңалықтар