«Asiana Airlines» 2015 жылдың тамызында Сеул-Астана тікелей рейсін ашады – Елші

2 Маусым, 2015 16:38
«Asiana Airlines» Корея әуежелісі осы жылдың тамызында Сеул-Астана тікелей рейсін ашады, деді ҚР-дағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ёнг-чон Чо.

«Осы жылдың басында екі ел Үкіметі Қазақстан мен Корея арасындағы әуерейстерін көбейту туралы мәселелерді талқылады. Бүгінгі «Air Astana» арқылы Астана-Сеул әуеқатынасының ашылуы  - өте үлкен жетістік. «Asiana Airlines» корейлік әуекомпаниясы Сеул-Астана тікелей рейсін тамыздың басында ашуды жоспарлауда. Ол Қазақстан халқының корей еліне деген саяхатын және бизнес өкілдерінің ыңғайлы қатынауына жол ашады», - деді Е.Чо.

«Соңғы жылдары екі ел басшыларының арасында көптеген келіссөздер мен кездесулер өтті. Ол екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестік қарым-қатынасты нығайта түсірді. ҚР-ға Корея Президенті Пак Кын Хенің  2014 жылдың маусымында келуі екі ел арасында визасыз рұқсат етілімді 30 күнге дейін созу туралы келісім орнатылды, ол 2014 жылдың 29-шы қарашасында өз күшіне енді. Аталмыш келісім елдер арасында ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті», - деді ол.

Айта кетерлігі, 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан кейін, Корея мен Қазақстан экономика, мәдениет, медицина, мембасқару салаларында байланыс орнатып келеді.

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар