Ұлт жоспары: Әрбір мемлекеттік қызметкер іріктеу үдерісінен өтеді

2 Маусым, 2015 13:04
Әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің атқарып отырған лауазымына сәйкестігі жөніндегі іріктеу процедураларынан өтеді, деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Ұлт жоспарында қарастырылып отырған үшсатылы жүйе, мемлекеттік қызмет істері агенттігінде қаралады. Меритократия процедуралары жүзеге асырылады. Ал жемқорлықпен күрес заңына келетін болсақ, онда тәуекелдер тудыруы мүмкін ерекше басым бағыттар бойынша енгізілетін стандарттар қарастырылды. Әрине, өзінің ерекшеліктері мен өмірбаяны және өмір тарихы бойынша әрбір мемлекеттік қызметкердің өзі атқарып отырған қызметіне лайықтылығын анықтау мақсатында іріктеу шараларымен қамтылады»,-деді А.Соловьева.    

Оның сөзінше, әрбір мемлекеттік қызметкер жергілікті атқарушы органдардағы бірінші деңгейден өтуі керек. «Бұндай тәсіл болашақта жауапты саяси қызметтерді атқаратын мемлекеттік қызметкер үшін маңызды. Бұған қоса, Ұлт жоспары - 100 қадам аясында ақпараттық қызметтерді біріктіретін корпорация қарастырылады. Қазір Парламентте осы тэзисті жүзеге асыратын арнайы топ бар»,-деді депутат.    

Ботагөз Айтжанова

 

Барлық жаңалықтар