• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда өткір ішек инфекцияларынан алдын алу бойынша онкүндік басталды – ДСӘДМ

Қазақстанда өткір ішек инфекцияларынан алдын алу бойынша онкүндік басталды – ДСӘДМ

2 Маусым, 2015 11:12
Ағымдағы жылғы 1-10 маусым аралығында ҚР ДСӘДМ Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткір ішек инфекцияларының профилактикасы бойынша онкүндік өтеді, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Аталған іс-шара мақсаты - өткір ішек инфекциясының таралу жолдары, инфекция жұғуының алдын алу жөніндегі шаралар, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау, балалар мен жасөспірімдерді жеке гигиенаны сақтауға дағдыландыру, тұрғындардың, жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің және ата-аналардың денсаулық сақтау және нығайтуда жауапкершілігін арттыру жөнінде халықтың ақпараттылық деңгейін арттыру.

«Онкүндік аясында еліміздің барлық өңірлерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында өткір ішек инфекцияларының алдын алу жөнінде терапевтердің, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, педиатрлар кеңес беретін ашық есік күндері ұйымдастырылады», - делінген хабарламада.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) «Салауатты жұмыс орындары», «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін ауруханалар», «Салауатты университеттер» жобалары шеңберінде мектепке дейінгі балаларға арналған ұйымдардың, лагерьлердің, балалар үйлерінің, интернаттардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарлары мен тренингтер өтеді.

Өткір ішек инфекциялары – асқазан-ішек жолдарын улап, зақым келтіретін аурулар тобы. Сілекейі және асқазан сөлі әлсіз бактерицидтік қасиетке ие болғандықтан, бұл дертке көбінесе балалар жиі шалдығады.     

 

Барлық жаңалықтар