• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанға Еуропа мен Азияның ортасында орналасуының тиімділігін пайдалану керек – сарапшы

Қазақстанға Еуропа мен Азияның ортасында орналасуының тиімділігін пайдалану керек – сарапшы

1 Маусым, 2015 15:26
Азия экономикасы өсу үстінде, осындай жағдайда Қазақстанға Еуропа мен Азияның арасында орналасу мүмкіндігін тиімді пайдаланған жөн, деп есептейді Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президент қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының экономикалық зерттеулер жөніндегі сарапшысы Азамат Нұрпейісов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникациялық ағымында ықпалдасуы өзекті және болашағынан зор үміт күттіретін бағыт. Қазақстанға Еуропа мен Азия арасында орналасқан географиялық жағдайын тиімді пайдалану керек. Ал Қытай, Ресей Үндістан сияқты елдердің көршілес немесе жақын орналасуы бұған барынша оң ықпал етеді. Мен экономист ретінде айтарым бүгінгі таңда Азия экономикасы қарқынды өсіп келеді»,-деді А.Нұрпейісов.

Сарапшының айтуынша, ДСҰ-ның болжамдары бойынша, әлемдік сауда көлемі 2014 жылы 3 пайызға, 2015 жылы 3,3 пайызға, 2016 жылы 4 пайызға өседі.   

«Бұл ретте дамыған елдердің үлесі Халықаралық валюта қорының мәліметтерінше, бірте-бірте төмендей береді. Егер 1990 жылы ол 65 пайызды құраса, 2018 жылы 45 пайызға түседі деп болжануда. Сарапшылардың сөздерінше, жаһандық экономиканың орталығы Азияға қарай бет бұрады. Азиялық даму банкінің мәліметтері бойынша, 2015-2016 жылдар аралығында азиялық елдердің өсу қарқыны 6,3 пайызды құрайды»,-деп қосты сарапшы.

Анар Тәңірқұлова         

 

Барлық жаңалықтар