• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астрахань қаласы опера театрының сахнасында қазақстандық өнер шеберлерінің концерті өтті

Астрахань қаласы опера театрының сахнасында қазақстандық өнер шеберлерінің концерті өтті

1 Маусым, 2015 08:54
Астрахань қаласының Мемлекеттік опера және балет театрында «Қазақ мәдениеті: дәстүрлер мен бүгінгі заман» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің және Ресейдің Астрахань облысы әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шара Қазақстан мен Ресей Президенттерінің 2014 жылдың қыркүйек айында Атырауда өткен 11-ші аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында  қол жеткізілген, екі ел арасында гуманитарлық бағыт бойынша ынтымақтастықты арттыру бағытындағы келісімдер негізінде ұйымдастырылды. Әдеби-сазды кеш ұйымдастыру өткен жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжинның Астрахань облысының губернаторымен болған кездесуінде келісілген болатын. Онда Астрахань облысының басшысы елшіліктің бұл бастамасын қызу қолдады. Мұншалықты кең көлемдегі мәдени іс-шара 2010 жылғы санақ бойынша 150 мың қазақ тұрып жатқан шекаралас Астрахань облысында алғаш рет өтті.  

Кешті ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-елшісі Виктор Темірбаев: «Әрбір халықтың жан тебіренісін музыка мен поэзия арқылы жеткізу кез-келген елдің дәстүрінде бар. Шығармашылықтың ең үздік үлгілері уақыт өте келе, халықтың рухани мұрасына айналады. Бүгін қазақстандық өнер шеберлері біздің отандастарымыз бен достарымызға өздерінің рухани байлықтарын паш етеді»,-деді.  

Бұған жауап ретінде айтқан сөзінде Астрахань облыстық Думасының төрағасы Александр Клыканов: «Бүгінгі әдеби кеш біздерді, яғни астраханьдықтарды ерекше қызықтырып отыр. Өйткені, ол Қазақстан мен Ресейде тұрып жатқан халықтар мәдениетінің дамуына қосымша серпін береді. «Жақсы көрші жақын туысыңнан да артық»,- деген нақыл бар халықта. Біз осы ұстанымды жүздеген жылдар бойы ұстанып келеміз. Бізді көптеген дүниелер байланыстырады. Бізде ортақ көптеген жобалар бар. Бұл –ортақ көлік дәлізі, ортақ көпір мен ұдайы өсіп отыратын тауар айналымы. Сондай-ақ Қазақстанда да Астрахань жерінде де мәдени құндылықтар бар. Біз ылғи алмасып, дамып отырамыз»,-деді.    

Кешке, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Михаил Токарев, әйгілі әнші, жыршы, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Бекболат Тілеухан сияқты өнер майталмандары бастаған өзге де елге танымал өнерпаздар мен өнер ұжымдары қатысты. Олардың өнерлерін көршілес ел халқы ыстық ықыласпен қарсы алды.  

 

 

Барлық жаңалықтар