Талдықорған әуежайына «Boeing» қызмет көрсететін болады - әкімдік

23 Мамыр, 2015 13:35
Талдықорған қаласының әуежайына жуырда «Boeing» маркалы жаңа ұшақтар қонады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың облыс орталығын аралауы барысында белгілі болды.

«Жетісу» авиакомпаниясының президенті Қалмұхамед Дөнсебаевтың айтуынша, жаңа ұшақтар биылғы жылдың маусым айында іске кіріспек.

Қаланы аралау барысында өңір басшысы А. Баталов әуежайдың дайындығы мен абаттандырылуы ең басты міндеттердің бірі екенін айтты.

«Ең алдымен әуежайға қарасты әкімшілік ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл нысандар өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған, бүгінгі талаптарға сәйкес емес. Сондай-ақ перронның асфальт жабындысы мен вокзал маңы алаңдарының абаттандырылуына баса назар аударылуы қажет.  Әуежай ғимараты да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Вокзал маңы алаңына жаңа орындықтар қойып, гүл отырғызып, билбордтар мен шамшырақтар орнату қажеттігін ескертті», - делінген хабарламада.

Кез келген әуежай - бұл қалаға кіретін әуе қақпасы іспеттес. Оның бет-бейнесі келушілердің қалаға деген алғашқы көзқарасына әсер етеді, сондықтан Талдықорған әуежайы барлық заманауи талаптарға сәйкес болуы тиіс. Оның тек қызмет көрсетудегі функциясы ғана маңызды емес, оған қоса эстетикалық талғамы да әсерлі болуы керек. Осы бағытта белсенді және нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет, - деді өңір басшысы А. Баталов.

Барлық жаңалықтар