• Басты
  • Жаңалықтар
  • К.Копф: 100 нақты қадам бағдарламасының мақсаты биік және Қазақстан оны табысты іске асыра алады

К.Копф: 100 нақты қадам бағдарламасының мақсаты биік және Қазақстан оны табысты іске асыра алады

23 Мамыр, 2015 10:34
ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 22 мамырында Астана экономикалық форумы аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілқытай халықтық саяси консультативтік кеңесі Төрағасының орынбасары Ван Чжэнвэй бастаған қытай делегациясын қабылдады.

Сенат басшысы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтіп, екі Мемлекет басшыларының арқасында тату көршілік сипатындағы қатынастардың қалыптасқанына тоқталды. «ҚХР Төрағасы болып Си Цзиньпин сайланған кезден бері біздің көшбасшылар екіжақты сапарлар аясында және түрлі халықаралық форумдарда 10 кездесу өткізді. Біз Қытаймен өзара іс-қимылдың әлеуетін жоғары бағалаймыз және ынтымақтастықтың барлық салаларын дамытуға ниеттіміз», - деді Қ.Тоқаев.

Ван Чжэнвэй  Сенат Төрағасына Қытайдың қазіргі кездегі дамуы, заң шығару қызметі туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғары бағалады, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше атап өтті.

Жүздесушілер  қазіргі кезде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталғаны туралы ортақ пікірге тоқталды. Ұзақ мерзімді өзара іс-қимылдың жалпы келешегіҚазақстан Президенті Н.Назарбаев жария еткен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасында көрініс тапқан. «Егерде біз бұл стретегияны іске асыра алсақ, біздің елдеріміздің экономикасын дамытуда жаңа мүмкіндіктерге ие боламыз», - деді  Ван Чжэнвэй. Осыған байланысты Сенат басшысы қаржы ынтымақтастығын ынталандыруға арналған және аймақтағы инфрақұрылымдық басым жобаларды іске асыруға жәрдемдесетін Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің уақытында құрылып отырғанын атап өтті.

Қ.Тоқаев Қазақстанды дамудың жаңа сатысына шығуына және әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына енуіне мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағытына, бес институттық реформаға және жаңғырту жөніндегі 100 қадам – Ұлт жоспарына жүздесушінің назарын аударды.

Аустрия Ұлттық кеңесінің Екінші Президенті К.Копф Сенат Төрағасымен Астана экономикалық форумының нәтижелері туралы әсерлерімен бөлісті. Ол форумның қазіргі кездегі «Инфрақұрылым: экономиканың орнықты дамуының драйвері» тақырыбының өзектілігін атап өтті және АЭФ-ның әлеуетін жоғары бағалады.

К.Копф Орталық Азия аймағындағы Қазақстанның жетекшілігін атап өтіп, Президент Н.Назарбаевтың «Бес институттық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасына ықылас білдірді. «Бағдарламаның мақсаты биік және Қазақстан оны табысты іске асыра алады», - деді Аустрия Ұлттық кеңесінің Екінші Президенті.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, атап айтқанда, Астанада халықаралық қаржы орталығын құру туралы маңызды бастамалары, сондай-ақ Президенттің ашық және халыққа есеп беретін мемлекет құру Стратегиясы туралы жүздесушіге жан-жақты әңгімелеп берді.

Барлық жаңалықтар