• Басты
  • Жаңалықтар
  • Негізгі заң мемлекеттік тәуелсіздік пен ел егемендігінің құзырында болмақ – Жақыпов

Негізгі заң мемлекеттік тәуелсіздік пен ел егемендігінің құзырында болмақ – Жақыпов

21 Мамыр, 2015 13:02
Негізгі заң мемлекеттік тәуелсіздік пен ел егемендігінің құзырында болмақ, деді «Қазақстан Республикасы заңнамасында конституция ережелерін іске асырудың өзекті бағыттары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов.

Мәжіліс Төрағасы осыдан 20 жыл бұрын қазақстандықтардың жалпыхалықтық референдум жолымен Ата Заңды қабылдағанын, оның жас мемлекетіміз дамуының стратегиялық бағытын айқындаған саяси-құқықтық құжат болумен қатар, қазақстандық азаматтылық пен патриотизмді қалыптастырудың негізін қалаған маңызды мемлекеттік және қоғамдық құндылыққа айналғанын атап өтті.  

Қ. Жақыпов осы аса маңызды құжатты әзірлеп, қабылдауда Елбасының ерен еңбегі мен тарихи рөліне айрықша көңіл бөлді.

 Мәжіліс Спикерінің пікірінше, Конституция - Қазақстан Президентінің бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы.

«Мемлекетімізді одан әрі дамытудың және алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізудің бірден бір кепілі, бойтұмарымыз – ол Конституция. Оның әрбір қағидасы, әрбір ережесі ең жоғарғы заңды күшке ие және мүлтіксіз орындалуға тиіс. Мәңгілік солай болсын!»,-деді.         

Өз сөзінде Қабиболла Жақыпов Ата Заңның принциптері мен ұстанымдарына сәйкес, қол жеткізілген табыстар мен болашақ мақсаттарды сөз етті.

Әсіресе, Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаның маңыздылығын баса айта келіп, кеше ғана Қазақстан халқының назарына аталған реформаларды жүзеге асырудың «100 нақты қадам -Ұлт жоспарының» ұсынылғанын атап өтті. Елбасының «Мәңгілік ел» жолындағы стратегиялық тапсырмаларын сапалы заңнамалық қамтамасыз ету бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.

 

 

 

Барлық жаңалықтар