Сарапшылар Алматының 2016-2020 жылдарғы даму Стратегиясын жасауға кірісті

19 Мамыр, 2015 19:23
Алматының 2016-2020 жылдарғы даму Стратегиясы ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін бекітілуі тиіс, деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы мәселеге арналған жұмыс отырысы барысында.

Қала әкімдігі хабарлағандай,  Алматының даму Бағдарламасының жобасын жасауға американдық консалтингтік McKinsey & Company компаниясының сарапшылары мен мамандары тартылған. Жоба авторлары оның жұмыс Концепциясының жоспарын кезең- кезеңге бөліп таныстырды, мұнда негізгі бағыт ретінде 3 әлеуметтік аспект назарға алынған, олар: экономика, тұрғындар және әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым. Жалпы, жоба идеясы «тұрғын үй, жұмыс және демалыс бәрі бір жерде» кешенді принципке негізделген және бұрындары қабылданған «Алматы – өмір сүруге жайлы қала» Концепциясы аясында жүзеге асады.

 «Біз бүгін қай бағытта алға жылжитынымызды анықтадық. Мәселе өте маңызды, біз ЖӨӨ-ге қатысты мақсатты көрсеткіштерді, салық түсімін анықтап алуымыз қажет, жалпы бұл Бағдарламаны жасау барысынд нақтылы бағыт пен мақсат болуы тиіс», - деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде McKinsey & Company серіктестері мұндай Бағдарламаны жүзеге асыруда Алматының әлемнің өзге мегаполистерімен салыстырғанда барынша пайдалы позицияда тұрғандығын айтты.

 

Барлық жаңалықтар