Астанада АЭФ аясында «Жаңа Жібек жолын» дамыту барысы талқыланады

19 Мамыр, 2015 11:06
Мамырдың 22-сінде Астанадағы экономикалық форум аясында «Жаңа Жібек жолы» 3-ші Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес-форумы өткізіледі, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ.

Форумға 200 темір жол әкімшіліктерінің мен халықаралық көліктік лоистикалық компаниялардың өкілдері қатысады.

Онда халықаралық көліктік дәліздерді дамытудағы мемлекетаралық серіктестіктің жайлары, Транскаспий халықаралық көлік бағдары, Еуразиялық құрлықта көліктік-логистикалық шешімдерді жүзеге асыру жайы қаралады.

«Форум барысында «Жаңа Жібек жолын» дамыту барысы талқыланады. Оған қатысушылар халықаралық тасымалды тұрақты жасақтау, Азия мен Еуропа арасындағы контейнерлік сервисті ықпалдастыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы бизнестің рөлін көтеру жайын сөз етеді», - делінген хабарламада.

Аталмыш көліктік-логистикалық форум Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» Жолдауындағы тапсырмаларды табысты жүзеге асырудың қадамдарын қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруді көздейді.

«Қазақстан өзінің тарихи рөлін қалпына келтіріп, Орталық азия өңіріндегі транзиттік және ірі іскерлік хабына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналуы тиіс. Ұсынылып отырған «Жаңа Жібек жолы» жобасы бәсекелестікке сай төрт тәртіпті: жылдамдық, сервис, құны, сақталуы мен тұрақтылығын жүзеге асырады»- деп атап өтті Президент Шетелдік инвесторлар Кеңесінің кезекті отырысында.

Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қазақстанның ғаламдық инфрақұрылымдық ықпалдасуын қамтамасыз ету үшін еуразиялық құрлықтағы тасымалдау жүйесін жасақтау жобаларын жүзеге асыруды бастады.

 

Барлық жаңалықтар