• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде тарбағатайлық жігіт «өгіз балуан» атанды

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде тарбағатайлық жігіт «өгіз балуан» атанды

18 Мамыр, 2015 19:26
Қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет өткізілген әулие Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде әлемнің 15 мемлекетінен 38 балуан бақ сынасты. Тартысты бәсекеде 80 келіге дейінгі салмақтағы категорияда тарбағатайлық балуан Қуаныш Мұратов топ жарды, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

«Біз маңызды спорт сайысының куәсі болып отырмыз. Небәрі үшінші мәрте өткізіліп отырған сайысқа әлемнің 15 мемлекетінен 38 балуан қатысуда. Сондықтан да бұл сайыстың өңір спорты үшін алатын орны ерекше», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Белдесу 80 келіге дейінгі салмақтағы балуандар және 100 келіден жоғары түйе балуандар күресі категориялары бойынша өткізілді. 80 келіге дейінгі салмақта күрескен тарбағатайлық Қуаныш Мұратов, грузиялық Бессарион Перулава, оңтүстіккореялық Джеки есімді балуандардың өнері жанкүйерлер делебесін қоздырып, қошеметке бөленді. Тартысты белдесуде тарбағатайлық тау асып келген қарсыластарын алып ұрып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Б. Перулаваға тисе, үшінші жүлде тәжікстандық Ж. Шониязовқа бұйырды.

Салмағы жүз келіден асып түсетін түйе балуандар арасындағы белдесулер де қызыққа толы болды. Бұл сында ел намысын Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Айбек Нұғымаров және Талғат Әміренов қорғады. Өкінішке орай, алғашқы екеуі іріктеу кезеңдерінен сүрініп, ақтық сынға жолдама ала алмай қалды. Бір қызығы, жартылай финалда Шығыстың қос балуаны өзара күш сынасты.

Тартыста қосымша белдестіру нәтижесінде Айбек қарсыласын көтеріп алып, кілем шетіне шығарып жіберіп, жеңіске жетті. Бірақ бұл басты жеңіске жетудің бір сатысы ғана еді. Шешуші белдесуде моңғол балуаны Алтангэрэл Даваанян Айбектің осал тұсын тауып, Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-придің жеңімпазы атанды. Айбек күміс жүлдені иеленсе, үшінші орынды Талғат Әміренов алды. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен ТМК» АҚ, «Май» АҚ және басқа да кәсіпорындардың демеушілігі арқасында тігілген қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Барлық жаңалықтар