• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда қайта өңдеу саласы бойынша 32 «ұлттық чемпион» компания анықталды

Қазақстанда қайта өңдеу саласы бойынша 32 «ұлттық чемпион» компания анықталды

18 Мамыр, 2015 15:51
Қазақстанда қайта өңдеу саласында «ұлттық чемпион» болуға лайықты және еліміздің шикізаттық емес экспорттық әлеуетін арттыруға қауқарлы компаниялардың тобы құрылды, деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев «Бәсекелестік көшбасшылары-ұлттық чемпиондар» бағдарламасын талқылау бойынша басқарушы комитет мәжілісінде.

«Бағдарламаның аясында 2 ай бойына оған қатысуға ниет білдірген компаниялардың арасынан үздіктердің тізімі жасалды. Болашақта олар қазақстандық өнімдерді экспорттап, импортты алмастыруда көшбасшы болады. Өтініш берген 300 ұжымның ішінен 32 компания таңдап алынды. Олардың 20 агроөнеркәсіп саласынан болса, 7 машинақұрылысы саласында, 5 құрылыс материалдарын дайындаумен айналысады»,-деді Басқарма төрағасы.

Аталмыш жоба Инвестициялар және даму министрлігімен бірге ұйымдастырылуда.

«Бүгін біз нәтижелермен бөлісе аламыз, 300 компанияның ішінен алдымен 90 компания үздік деп танылды, олардың ішінен 32 компания түзілді, біздің ортақ жұмысымыз 3 жылға созылады. Болашақта біз өзге салаларды да қамтимыз»,-деді холдинг басшысы.  

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда аймақтық және әлемдік деңгейдегі компанияларды дайындау арқылы шикізаттық емес сектордың бәсекеге қабілетті, эскпортқанегізделген өндірістерін жолға қою болып табылады. Бұл жоба Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген «Ұлттық чемпиондар» жобасын жүзеге асыру туралы бастамасына сәйкес қолға алынған.    

Бұл ретте жобаға қатысушылар үшін қаржылай қолдау көрсетіліп, «Бәйтерек» холдингінің мүмкіндіктері толық пайдаланылады.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар