Астанада кедендік рәсімдеулерді оңтайландыру мәселесі талқыланды

18 Мамыр, 2015 17:13
Астана қаласының Кірістер департаментінде кедендік істер қызметін жүзеге асыратын кедендік рәсімдеулерді жеңілдетуге бағытталған жұмыс кездесуі өтті.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, мәжілістің мақсаты – анықталған проблемаларды талқыға салып, кеденнің бақылау және және тіркеу қызметтерін сапалы, талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, кедендік қағазбастылықты жоюға бағытталған нақты тетіктерді қалыптастыру үшін ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Сонымен қатар, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру бағытындағы кәсіпкерлердің ұсыныстарын да негізгі міндеттердің бірі.    

«Кеден қызметкеріне кедендік төлемдерді жүзеге асыру мен кедендік салықтарды төлеуде бірдей жауапкершілік қарастыру жағдайы анықталды. Кедендік рәсімдеулерге кететін уақыт көлемін азайту үшін кедендік транзиттің тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бізге әлі көп жұмыс істеу керек»,-деді департамент жетекшісі А.Сқақов кедендік ресмилікті жою бағытында атқарылған жұмыстар туралы айта келе.   

Мәжіліс барысында кедендік рәсімдеулер кезінде өнімнің қауіпсіздігі жөніндегі сертификатты ұсыну мәселесі қаралды. Департамент қызметкерлерінің сөздерінше, сертификаттарды беру мәселесімен техникалық реттеу саласы бойынша құзырлы орган өкілдері айналысулары керек. Сонымен қатар оны тауарды өткізу кезінде көрсету жағын ойластыру керек. Ұсыныстардың барлығы Қаржы министрлігінің Кірістер комитетіне жолданды.  

Жұмысшы кездесуді қорытындылай келе, мәжіліске қатысушылар бүгінгідей кездесулерді жиі ұйымдастырып отыру керек деген байламға келді. Ал бизнес-құрылымдарының өкілдеріне кедендік процедураларды оңтайландыру мен бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау бойынша белсенді ұсыныстар жасау керек.


 


 

 

Барлық жаңалықтар