Афинада өңіраралық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

18 Мамыр, 2015 10:21
Афинада Қазақстанның Грекиядағы елшісі Сергей Нұртаевтың Закинтос қаласы басшысының орынбасары А.Мариноспен кездесуі өтті. Оның барысында тараптар энергетика, туризм, сауда, ауыл шаруашылығы, кеме салу бағыттары бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.

СІМ хабарлауынша, А.Маринос Закинтос пен Қазақстан қалаларының бірін бауырлас етіп, екіжақты делегациялардың сапарлары мен мәдени шараларды ұйымдастырып,  Қазақстанға зәйтүн майы мен Закинф қаласынан құрғақ жемістерді экспорттау сонымен қатар құбырпроцессорларды шығару мен тасымалдау ісімен айналысатын «Turbomed» компаниясымен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.   

Дипломат кездесуде әріптесін Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық даму үдерісінен хабардар етіп, Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар» атты халыққа жолдаған Жолдауындағы «Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының» басым бағыттарымен таныстырды.  

«А.Маринос Қазақстан басшысының халықаралық деңгейдегі бастамаларын жоғары бағалады, нақтырақ айтқанда, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен көпұлтты, көпконфессиялы қоғамды дамыту үдерісіне жоғары баға берді»,-делінген хабарламада.

Айта кететін мәселе, 50 мың тұрғын бар Закинтос қаласы Ион теңізіндегі көлемі жағынан үшінші орында тұрған Закинф аралының орталығы болып табылады. Жылына арал мен ондағы қалаға 800 мың турист келеді. Закинф қаласында маңызы жағынан төртінші орында тұрған азаматтық әуежай бар.    

 

Барлық жаңалықтар