• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан және Норвегия бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша серіктестігін кеңейтуге ниетті

Қазақстан және Норвегия бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша серіктестігін кеңейтуге ниетті

18 Мамыр, 2015 09:48
Рогаланд губерниясының (Норвегия) Экспорт дамыту бойынша агенттігінің басқарушы директоры, Норвегиялық «Nortrain» бұрғылау академиясы басқармасының төрағасы Аре Селстад бастаған норвегиялық делегация Қазақстанға сапармен келді, деп хабаралады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Сапар Қазақстан және Норвегия арасындағы сауданы кеңейту, екі ел компанияларының байланыстарын дамыту, бірлескен энергетикалық және бизнес жобаларды жүзеге асыруға сарапшыларды тарту мәселелерін талқылауға бағытталған.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаевамен кездесу барысында Қазақстанда аквамәдениет және балық шаруашылығын ұйымдастыруға сарапшыларды тарту мәселесі талқыланды. Норвегиялық тарап ҚР «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы шеңберінде Балық шаруашылығын дамыту ұлттық бағдарламасы жасалынды деп хабарландырылды. Қазақстан бизнес топтарының өкілдерімен кездесу кезінде норвегиялық компаниялармен елдің аумағында теңіздік балықты өндірістік деңгейде өсіруге байланысты қатынастарды орнықтыру мәселесі талқыланды.

Норвегиялық өкілдердің «Кәсіпқор» холдингі басқармасының төрайымы Эльдана Садуақасовамен, «Самұрық-Қазына» корпоративті университетінің директоры Гари Хейспен және Қазақстандық-британдық техникалық университеттің басшылығымен кездесулері кезінде Қазақстанның инженер мамандарын кәсіби дайындау мәселелері қарастырылды.

Қазақстанның мұнай өндіру мөлшерін ұлғайту бойынша жоспарын және Норвегияның аталған бағыттағы инновациялық даму деңгейін ескере отырып, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалинмен және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Кристофер Хопкинспен кездесулер барысында мұнай өндірудің мөлшерін дамытудың әдісі бойынша бірлескен жобаның келешегі, энергетика саласында жаңа технологияны қолдануда өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан және Норвегияның тұрақты энергетика, экологиялық таза технологиялар мен инновациялар, табиғи ресурстарды меңгеру секілді ішкі даму мақсаттары ортақ деп атап өтілді. Аталған салалар «Қазақстан-2050» Стратегиясында» және Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасында басым бағыттар болып табылады.

Рогаланд губерниясының (Норвегияның 19 губернияларының бірі, әкімшілік орталығы – Ставангер қ., Норвегияның мұнай астанасы, елдің үшінші агломерациясы) Экспорт дамыту бойынша агенттігі халықаралық нарыққа жергілікті өнімдер мен технологияларды ілгерілететін консалтинг компаниясы болып табылады.

Барлық жаңалықтар