Шығыс Қазақстанда инновациялық жобалар таныстырылымы өтті

15 Мамыр, 2015 18:51
ШҚО-да аймақ басшысы Даниал Ахметовтың төрағалығымен Инновациялар және жаңа технологиялар бойынша кеңестің отырысы өтті, онда облыстың проблемаларын инновациялық жобалар арқылы шешу мәселелері қаралды.

Шара аясында әр қатысушыға өз идеяларын емін еркін жеткізуге мүмкіндік берілді. Ал, отырыс басталғанға дейін инновациялық идеялар мен ШҚО-ның ғылыми әлеуетінің көрме-таныстырылымы өтті, деп хабарлады ШҚО-ның Ақпараттық орталығы.

Таныстырылым барысында аймақ басшысы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. «Жасыратыны жоқ, қызықты жобалар өте көп екен.  Қуантарлығы сол, шағын және орта бизнес өкілдерінің инновациялық қызметпен белсенді араласуы, оның үстіне жастарда өз идеяларын ашық ұсынуда. Айта кетерлік жайт, инновациялық жобалар аймақтың проблемаларын шешуге септігін тигізуі керек», - деді Даниал Ахметов.

Ал, «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Өміржан Тәшімов қатысушыларды гранттық жүйені дамыту және инновациялық инфрақұрылымдар туралы ақпарат берді. Ө.Тәшімовтың айтуынша, «ТДҰА»АҚ аймақтарда инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеді.

Бұдан басқа, Ұлттық ядролық орталығының, «Ядролық технология паркі»АҚ-ның, Алтай геологиялық-экологиялық институтының, Қазақстандық-Американдық еркін университетінің, «Эко-Отын»ЖШС, Өскемендегі Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушыларының  инновациялық жобалары таныстырылды.

Естеріңізге сала кетейік, ШҚО-ның  Инновациялар және жаңа технологиялар бойынша кеңесі 2010 жылы облыстың инновациялық дамуын үйлестіру мақсатында құрылды.

Барлық жаңалықтар