Қазақстанда ҰБТ тапсыратындар үшін қосымша тіректер ашылды

15 Мамыр, 2015 12:34
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырылатын тіректер санын 155-тен 165-ке дейін арттырды, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің Білім беру мен ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Вице-Премьер Бердібек Сапарбаевтың жергілікті атқарушы органдарға берген ҰБТ тапсыру тіректерін арттыру туралы арнайы тапсырмасы бар. Бүгінге дейін тест тапсыратын 155 тірек болса, қазір еліміздің облыстарындағы жергілікті бюджеттердің есебінен қосымша тағы ҰБТ тапсыратын 10 тірек ашылды»,-деді С.Нүсіпов.

Комитет төрағасы тіректердің мектеп оқушыларының тасымал көлемін кеміту үшін ұйымдастырылғандығын атап өтті.       

«Бұрындары балаларды 200-300 километр жерге дейін тасымалдаған кездер болды. Бұдан соң біз балаларды аудиторияларға орналастыратынбыз, осының барлығына көп уақыт кетіп, балалар шаршайтын. Сондықтан оқушылар еркін, қандай да бір әсерлерсіз, дене күшін мүмкіндігінше аз жұмсап, ҰБТ-ні қиындықтарсыз тапсыруларын қамтамасыз ету мақсатына қосымша тіректер ашылды»,-деді комитет төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу 2015 жылы 2-15 маусым аралығында өтеді. Биылғы жылы 126 мың 786 қазақстандық мектеп бітіреді. ҰБТ тапсыруға олардың 87 мың 782-і өтініш берді және бұл мектеп бітіруші оқушылардың 71 пайызы.    

Анат Тәңірқұлова 

Барлық жаңалықтар