ҚР БҒМ мектеп түлектері үшін бағалау жүйесін өзгертті

15 Мамыр, 2015 11:47
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мектеп түлектері үшін бағалау жүйесін өзгертті. Аттестатқа баға қою барысында оқушының ҰБТ бойынша нәтижесі мен пән бойынша жылдық бағасы ескерілетін болады, деп хабарлады БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов ОКҚ-дағы баспасөз конференциясында.

«Ұлттық бірыңғай тестілеуді  (ҰБТ) өткізудің мақсаты білім мен білім беру сапасын, оқушылар мен ұстаздарды бағалау болғандықтан, баға әділетті болуы тиіс. Осы ретте ҰБТ  қағидаларына өзгерістер енгізілді. 2015 жылдан бастап оқушының аттестатына ҰБТ мен пән бойынша жылдық баға қорытындысының орташа арифметикалық бағасы қойылады», - деді С.Нүсіпов.

Комитет төрағасы толықтырып өткендей, бұл осыған дейін жасақталған түзету және енді ол күшінен енді. Сәйкесінше Бұйрық  қабылданып қойды.

«Егер оқушы 11-12 жыл бойы үздік оқып келіп, алайда тестілеу барысында 3-4 деген баға алып қалса, аттестатқа ҰБТ бағасы қойылатын болған. Бүгінде енді орташа арифметикалық баға қойылатын болады. Яғни ҰБТ бойынша 3 алса, онда 4 деген баға қойылады. Осылайша әлеуметтік әділеттік орнатылады деген ойдамыз», - деп түйді ол.

Айта кетерлік жайт, биыл Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 2-15 маусым аралығында өтеді. Жалпы, ағымдағы жылы мектепті 126 786 қазақстандық бітіруде.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар