• Басты
  • Жаңалықтар
  • ТМД елдерінің Х Жастар Дельфий ойындарында қазақстандық құрама 7 медалді иеленді

ТМД елдерінің Х Жастар Дельфий ойындарында қазақстандық құрама 7 медалді иеленді

15 Мамыр, 2015 15:21
Орел қаласында (Ресей) ТМД елдерінің Х Жастар Дельфий ойындары өтті. Биылғы жылғы ойындар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналды. «Жеңіс даңқы!» ұраны жобаның арқауы болып табылды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Қазақстандық команданың құрамында шығармашылық марафонға 56 адам қатысты. Жас дарындар 14 номинация бойынша өнер көрсетті, оның ішінде «Классикалық және халықтық музыка аспаптары», «Хореография», «Бейнелеу өнері», «Фотография», «Көркемөнер және қол өнер», «Киім дизайны», «Халықтық ән айту» және басқалар. Құраманың барлық мүшелері  Ұлттық Дельфий ойындарының лауреаттары, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Қазақстандық қатысушыларға ресми қолдау көрсетуші  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі.

Қазақстандық команданың қоржынына 7 медаль түсті. «Халықтық ән айту» категориясы бойынша Нұрмұханов Бауыржан алтын медальға ие болды. «Халық биі» категориясында «Арна», «Заманауи би» категориясы бойынша «Інжу-Маржан» би ұжымдары күміс жүлдені иеленді. Сондай-ақ, күміс медальға «Скрипка» номинациясы бойынша Алғы Ақбике және Махмутова Жанар қол жеткізді. Қола жүлдеге ие болғандар: «Киім дизайны» номинациясында Қоқымбай Әйгерім және «Академиялық ән айту» номинациясында Тұранел Азат. Байқаудың дипломанттары болып «Халықтық ән айту»  Райымбеков Саян, «Эстрадалық ән айту»  Теміржанов Ринат, «Фотография» - Тәжқұранов Мейірбек және т.б. атанды.

«Дельфийлік Орел-2015» классикалық, халықтық және заманауи өнердің 28 номинациясы бойынша 10-нан 25 жас аралығындағы дарынды жасөспірімдердің бағын сынайтын алаңға айналды. Ойындарға Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Белорусь, Молдава, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да 15 елдің өкілдерінен құралған 2 мыңға жуық жастар қатысты. Әділ қазылар құрамына 150-ден астам мәдениет және өнер қайраткерлері енді.

Дельфий ойындары өнердің барлық түрін біріктіретін әлемдегі бірден бір сайыс болып табылады. Ол өнердің жоғарғы форумы ретінде халықтардың мәдени мұраларын сақтау және арттыру, сондай-ақ Дельфий ойындарының идеясын дамыту мақсатында өткізіледі. Қатысушыларға жоғарғы кәсіби талаптар қойылады. Ойындар Халықаралық Дельфий ойындарының қолдауымен өткізіледі.

Барлық жаңалықтар