• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Халықтық IPO» аясында KEGOС компаниясы дивиденттерін 2015 жылдың 25-мамырынан төлей бастайды

«Халықтық IPO» аясында KEGOС компаниясы дивиденттерін 2015 жылдың 25-мамырынан төлей бастайды

14 Мамыр, 2015 16:29
«Халықтық IPO» аясында KEGOС компаниясы дивиденттерін 2015 жылдың 25-мамырынан төлей бастайды, деп хабарлады «Қазақстандық «KEGOС» электр желілерін басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев Парламент Сенатында өткен «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру туралы» дөңгелек үстел отырысында.

«2014 жылдың қорытындысы бойынша, компания 8,6 миллиард теңге көлемінде таза пайда түсірді және біз көпшілікке мәлім компания ретінде алғаш рет өзіміздің ұжымымыздың жиынын өткіздік. Онда Директорлар кеңесінің ұсынысымен 100 пайыз пайданы қарапайым акцияларға бағыттау жөнінде шешім қабылданды. Есептей келгенде, бір қарапайым акцияға 33 теңге 13 тиыннан келді. Төлемдерді жүзеге асыру мерзімі биылғы жылдың 25-ші мамырынан басталады»,-деді Б.Қажиев.

Бұл ретте Басқарма басшысы акциялардың жазылымына 18 делдалдық компаниялардың қатысып, олар арқылы бөлшек саудамен айналысатын инвесторлардың әрекет еткендігін хабарлады. Жеке тұлғалардың өтініштерін қабылдау жағынан «Фридом қаржы» компаниясы көш бастап, олар 18 мың 787 азаматтың немесе барлық өтініш берушілердің 44 пайызының құжаттарын рәсімдеді. Екінші орында «Қазпошта» акционерлік қоғамы тұр. Олар 13 мың 152 адамның өтінішін немесе 31 пайызын рәсімдеген. Ал «Халық қаржы» үшінші болып 7 мың адамның өтінішін немесе 17,5 пайызын рәсімдеді. Өтініштердің көлемі бойынша бірінші орында «Қазпошта» тұр. Ол 2,7 миллиард теңгенің акцияларын қабылдаған, екінші орынға табан тіреген «Фридом қаржы» 2,4 миллиард теңгенің, үшінші орындағы BBC Invest  1,2 миллиард теңгенің акцияларын қабылдады. IPO нәтижесінде ұсынылған 25 миллион 999 мың 999 акция түгелдей сатылып, одан 13 миллиард 130 миллион теңге түскен. Бұл қаржы біздің компаниямызды дамытуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды»,-деді Б.Қажиев.   

Баршаға мәлім өткен жылы «KEGOС»  компаниясының 25 миллион 999 мың 999 акциясын немесе 10 пайыз минус 1 акциясын шығару жоспарланған, акцияның біреуінің құны 505 теңгені құрады. Акциялар бірінші кезекте Қазақстан азаматтары мен институционалды инвесторларға ұсынылды.

«Екінші деңгейлі нарықта сауда 2014 жылдың 19-қарашасында басталды. Ал акцияларға жазылу өткен жылдың 5-қарашасынан басталып, 2014 жылдың 5-желтоқсанына дейін жалғасты. Бұл ретте тұрғындардың акцияларды  сатып алуға ерекше белсенді қатысқанын айту керек. 42 мың бөлшек сауда инвесторларының сұраныстары қанағаттандырылды, бұл барлық салынған акциялардың 72 пайызы. Бұған қоса, қабылданған маркетмэйкерлердің бір-бірден өтініштері қанағаттандырылды»,-деді Б.Қажиев.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар