• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжіліс пен Жоғарғы рада өкілдері Қазақстан-Украина қарым-қатынасын талқылады

Мәжіліс пен Жоғарғы рада өкілдері Қазақстан-Украина қарым-қатынасын талқылады

14 Мамыр, 2015 17:39
Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мен Украина Жоғарғы Радасының ынтымақтастық жөніндегі топ мүшелері парламентаралық іс-қимыл мен жалпы қазақстандық-украиндық қарым-қатынасты дамытудың маңызды сұрақтарын талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Тараптар Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық, саяси және мәдени байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді. С.Дьяченко Украинадағы қоғамдық-саяси жағдайды алға тарта келіп, аталған елде орын алған дағдарысты реттеу жолын іздестіруде біздің еліміздің көптеген шараларға қатысуына тоқталды.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасының орынбасары Елбасының жанжалды реттеуге ықпал ету үшін барлық тараптармен белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын айрықша атап өтті. С.Дьяченконың пікірінше, Қазақстан ең алдымен, екі ел басшыларының экономикалық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған келісімдерін жүзеге асыруға ерекше маңыз береді. 

Өз кезегінде ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісі, Жоғарғы Раданың қаржы саясаты және банкі қызметі мәселелері бойынша комитет төрағасының орынбасары Руслан Демчак Қазақстан мен Украина арасында екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің, әсіресе экономика саласында оларды табысты дамытудың, сондай-ақ, инвестициялық әлеуетті арттырудың мүмкіндігі зор екендігіне сенім білдірді.

Руслан Демчак сондай-ақ, Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін өз алғысын жеткізді. Сергей Дьяченконың атап өткеніндей, мәжілісмендер украиндық әріптестерімен өзара іс-қимыл қарқынын арттыруға қашанда дайын.   Парламентаралық үнқатысуды одан әрі нығайту мәселелері ынтымақтастық жөніндегі топ өкілдерінің бейінді комитеттер төрағаларымен кездесуінде одан әрі жалғасты.  

Әңгіме парламентшілердің екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін заңнамалық негіз қалау төңірегінде өрбіді.  Басым бағыттар қатарында туристік, медициналық, мұнай-газ, ауылшаруашылығы, көлік-логистикалық салаларға көңіл бөлінді.

Кездесуге қазақстандық тараптан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Әшімбаев,  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Г. Қарағұсова, Қазақстанның Жоғарғы Радамен ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісі С. Қанаев, сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Т. Өмірзақов,  С.Оспанов, Ю.Тимощенко, ал украиндық тараптан  Жоғарғы Раданың Қаржы саясаты және банкі қызметі мәселелері бойынша комитет төрағасы С.Рыбалко, ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісінің кеңесшілері Д. Рыбалко, Д.Цымбал, Н.Ильчук қатысты.
 

 

 

Барлық жаңалықтар