• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Брунейдің кез келген салада ынтымақтастық жасауға мүмкіндігі келеді- - ҚР СІМ

Қазақстан мен Брунейдің кез келген салада ынтымақтастық жасауға мүмкіндігі келеді- - ҚР СІМ

14 Мамыр, 2015 18:24
Бруней-Даруссалам астанасы – Бандар-Сери-Бегаван қаласында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ҚР кандидатурасын ілгерілету жөніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов сұлтанаттың Сыртқы істер және сауда министрі, ханзада Мохамед Болкиахпен келіссөздер өткізді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

А. Мусинов БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелігіне ҚР кандидатурасын қолдау бойынша ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Бруней Сұлтаны Хассанал Болкиахқа жолдаған жеке хатын табыстап, Қазақстан сайланған жағдайда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті, адам құқығын, заң үстемділігін және тұрақты дамуды нығайтуға бар күш-жігер салынатын хабарлады. 

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) шеңберінде құрылғалы отырған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (АҚИҰ) Брунейдің жақын арада қосылады деген өтінішін білдірді.

«Бандар-Сери-Бегаванның АҚИҰ жұмысына қосылуы ИЫҰ кеңістігіндегі және жалпы әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін шешу жолында жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп ойымен бөлісті А. Мусинов.    

Бруней-Даруссалам Сыртқы және сауда министрі Қазақстан тарапының өтініштері мұқият зерттелетініне сендіріп, елімізбен ықпалдастықты, соның ішінде көпжақты форматта, дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Сол күні А. Мусинов Бруней-Даруссалам Сыртқы және сауда екінші министрі Лим Джок Сенгпен кездесіп, Қазақстан мен Бруней арасындағы екіжақты ынтымақтастығын белсендету жолдары мен мүмкіндіктерін талқылады.

А. Мусинов Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай және еліміздің халықаралық бастамалары туралы баяндап берді.

Лим Джок Сенг Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бері қол жеткізген табыстарына жоғары баға беріп, арнайы өкілдің Брунейге сапармен келгеніне алғысын білдірді, бұл сапар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуға зор ниетін білдіретіндігін атап өтті.

Бруней тарапының пікірінше, екі ел арасында келіспеушіліктердің жоқтығы, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген маңызды мәселелер бойынша ұстанымдардың ортақтығы екіжақты қарым-қатынастарды бар бағыттар бойынша кеңейтуге жағымды жағдай тудырып отыр.

Тараптар екі мемлекеттің әлеуетін ескере отырып, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігін мойындап, оған барлық керекті жағдайды жасау, соның ішінде тиісті келісімшарт базасын келтіру қажеттілігіне тоқталды. Бұл тұрғыда жоғары деңгейде сапар алмасу мүмкіндіктерін қарастыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Барлық жаңалықтар