ҚТЖ мен «Қазатомөнеркәсіп» «Халықтық IPO» жобасына 2016 жылы шықпақ

14 Мамыр, 2015 15:17
«Қазақстан темір жолы» мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары қор нарығына 2016 жылы шығады, деді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова Парламент Сенатында өткен «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру туралы» дөңгелек үстел отырысында.

«Самұрық-энерго» туралы айтатын болсақ, ол бүгінгі таңда өте жақсы дайындықтан өткен компания, соған қарамастан, компанияның нарыққа шығуын дұрыс бағалап, дұрыс шығару үшін біз осыған дейінгі шаралардан сабақ алып, әлі де болса дайындықты жетілдіруіміз керек. Біріншіден, «Самұрық-энерго» қазір жекешелендіруге шағарылып отыр. Нарық, инвесторлар мен құнды қағаздар нарығына қатысушылар компанияның құнын дұрыс бағалау үшін әрине, активтердің құрамы барынша ашық әрі түсінікті болуы керек. Сол себепті компанияны оның жекешелендіруге шығарылған активтері сатылғаннан кейін шығарған дұрыс болады»,-деді Е.Бахмутова.

Оның сөзінше, компанияның болашақтағы құнын болжау үшін  оның тетіктері жасалуы керек. «Тиісті зңанамаларға өзгерістер де енгізілгені жөн, сол себепті де біз «Самұрық-энерго» компаниясының шығуы үшін дұрыс уақытты пайдалануымыз керек»,-деді Бахмутова.      

Ал, басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша,  ҚТЖ мен «Қазатомөнеркәсіп» күрделі компаниялар.

«Меніңше, бұл компанияларға деген қызығушылық өте жоғары болады, сол себепті бұл компанияларды нарыққа шығару үшін де тыңғылықты дайындық керек. Қазіргі таңда бұл компаниялар да трансформациялау бағдарламасына қатысуда, оларда да активтерді қайта құрылымдау мен қайта ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті біздің тарапымыздан ұйымдастырылп жатқан жұмыстар компаниялардың бағасының жоғары болуына ықпал етіп, қажетті үлесті немесе 10 пайызын нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.  Алайда бұл жұмыстар 2016 жылы немесе 2016 жылдың соңында жүзеге асады. Бұл бағдарламаның сәтті жалғасуын қамтамасыз ету үшін қажет»,-деді Е.Бахмутова.

Индира Кауметова

 

Барлық жаңалықтар